Қоғам

Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу

 

 

Ауғандағы қанды қырғын, мағынасыз соғыс қанша жас боздақтың өмірін қыршынынан қиды, елді күңірентіп, аналарды жылатты. Өткен ғасырдағы ең ұзақ соғыстың аяқталғанына 25 жыл өтсе де, оның салған жарасы мен зардабы әлі ел есінде. Ерлердің есімін елі ұмытпау үшін орталық алаңдарда, мекемелер мен олар оқыған білім ошақтарында арнайы мемориалдық тақталар орнатылды. Кейінгі ұрпақ та жауынгерлердің қайсарлығын жақсы біледі.

 

Дәрмен Қашқынбай, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ курсанты:

-Олардың бастан кешкен оқиғалары мен қиындықтары және ерліктері қазіргі жастарға сабақ, білім, тәлім-тәрбие болады деген ойдамын. Осы жолда біздің көптеген бауырлас ағаларымыз құрбан болды. Соларды бүгін еске алып жүргенімізге мыңда бір шүкір. Қазақ елі мәңгілік ел болып, қалыптасып оларды еске алып отыр.

 

Серікбол Көсенов, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ курсанты:

-Аталарымыз осы соғысты өз көздерімен көрген, қасындағы әскери жолдастарынан айрылып, соғыстың зардаптарын өз бастарыннан кешті. Соған қарай отырып, біз болашақта осындай қанды-қырғын шайқастар болмасын деп тілеудеміз. Біз олардың ерліктерінен өзімізге тәлім алып, болашақта Отанымызды қорғауға, жақсы офицер болуға тырысамыз. Осы ұрыстарға менің   ағам да қатысқан болатын. Ол маған сол кезде қаншама достарынан айрылғандығын айтатын.

 

Әскери институттың курсанты Кенже Мараттың әкесі де осы қан майданға 18 жасында аттанған екен. Көзінде от ойнаған жалынды жас оны пір тұтады. Кенженің әкесі жауынгерлік ерліктері үшін жалпы саны 15 медальмен марапатталған екен. Бүгінде үш ұлы бар, тұңғышы осы Кенже.

 

Кенже Марат, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ курсанты:

-Ауған соғысындағы қиыншылықтарды мен әкемнен ер жеткеннен кейін ғана білдім. Соғыс ешкімге де ешқашан оңай болмайды. Ол туралы есту мен үшін өте ауыр болды. Және әкем қанды қырғын жайлы айтқан кезде шыны керек көзіме жас келетін. Қазір әке шүкір майор шенінде зейнеттік демалысқа шықты. Міне, әкемнің ізін жалғап жүрмін. Осындай елге абыройлы соғыс ардагерінің ұлы болғаныма, оның ортамызда тірі жүргеніне қуанамын. Үнемі сол үшін кеудемді тіктеп көтеріп жүремін.

 

Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға қаруластары, мектеп, колледж оқушылары, өнер және әскери шенді азаматтар жиылды. Олар ризашылық белгісі ретінде интернационалист- жауынгерлерге жалынды жыр шумақтары мен әндерін арнады.

 

Берік Қасен