ТКШ

Жылу берушілер техникалық шығынды ұлғайтуды көздеуде

 

Коммуналдық кәсіпорындардың өнімдері толықтай тұтынушыға жетпей жататындығы қалыпты жағдайға айналған. Мәселен, былтыр жылудың 17,5 пайызы далаға кетіпті. Бұл заңды негізін тауып, бекітілгені ғана. Шын мәнінде 2013 жылы жылу желілерінде 28,56 пайыз шығын тіркеліпті.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:

– Табиғи монополия заңы бойынша субъектілер жыл сайын өздерінің нормативтік ысыраптарын бекітіп тұру керек. Сондықтан жылу желілері компаниясының 1-ші қазаннан бекітетін нормативтік шығынының уақыты келді. 3,4 жыл бұрын олардың ысыраптары 33 пайыздан асатын. Бірте-бірте азайып келе жатыр.

 

Энергетиктердің айтуынша, нақты ысырап деңгейін дәл бүгін төмендетуден бұрын ұстап тұрудың өзі қиынға соғып тұрғанға ұқсайды. Бүгінде «Петропавл жылу желілері» серіктестігінің қарауында 230 шақырым магистраль бар. Тағы иесіз қалған 70 шақырым  үлестіргіш құбырға тегін қызмет көрсетіледі. Бар трассаның 3/2 бөлігі 100 пайыз тозған.

 

Қуандық Кеңесбаев, “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС директоры:

– Бар желілердің 167 шақырымы жер астымен өтеді. Оның 25 км су астында қалды. Істен шыққан құбырларды жөндеп әуреленгенше, жаңғыртпаса болмайды. Бірақ оған қаржы жетіспейді. Есесіне шығынды тоқтату мүмкін болмай отыр. Нормативтік ысырапты 23,97 пайызға дейін көтеруді ұсынамыз.

 

Наурыз айында табиғи монополияларды реттеу агенттігінің кеңейтілген отырысы өтеді. “Петропавл Жылу Желілері” ЖШС директоры Қуандық Кеңесбаев желілерді кешенді жаңғырту мәселесі қаралатын алқалы жиынға 16 млрд теңгенің жобасын әзірлегендіктерін жеткізді. Құпталса 2020 жылға дейін өңіріміздегі тым ескі деген 27 шақырым  магистраль жаңартылатын болады. Бас баяндамашының сөзіне сенсек, жылуды үнемдеуге құлшыныс танытпайтын тұтынушылардың да бүгінгі жағдайға кері әсері тиіп отыр. Мәселен үш мыңға тарта жылытылатын нысандардың тек жартысына жетер-жетпесінде ғана жылу есептегіш құрылғылары орнатылған. Ұсыныс жасалды. Ендігі мақсат сұраудың қаншалықты негізі барын анықтау керек.

 

Жеңіс Ермұқанов