Билік

“Нан плюс”, “Сокол” супермаркеттерінде негізгі азық-түлік бағасы өзгерген жоқ

 

Бұл « №1 Нан плюс» дүкені. Әдеттегідей, қарбалас. Өздеріне керекті азық-түліктерін алып жатқан тұтынушылар үшін бағада еш айырмашылық жоқ. Себебі, теңге құнсызданғанмен дүкен иелері азық-түлік бағасын әзірге қымбаттатпапты.

 

Баян Мұхамедиева,”Нан плюс” №1 супермаркетінің әкімгері:

– Азық-түлік бағасы өскен жоқ. Алайда тасымалдаушылар бағаны көтерсе, тауар құны өзгеруі мүмкін.

 

Тауар өндірушілер арасында бағаны шарықтатқандар әзірге жоқ. Тек, балықты Ресейден тасымалдайтын «Белова» ЖК ғана тауарларын 20 пайызға жоғарылатыпты. Бірақ, дүкен иелері «сатылымда бұрынғы бағамен алынған тауарлар тұр, сәйкесінше бағаны, әзірге, өсірген жоқпыз,- деп ақталды. Нөмірі бірінші және бесінші «Нан плюс» дүкендерін аралаған облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев бағаның бір қалыпты екендігіне көз жеткізді.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Үкімет тапсырмасына сай облыс әкімдігі азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуін қатаң бақылауда ұстайтын болады. Біз әкімгермен бірге дүкен ішін аралап, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын қарап шықтық. Дегенмен, әлеуметтік маңызды ғана емес, барлық өнімдердің құны жоғарыламауы тиіс.

 

Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов болса, «Сокол» супермаркетіндегі жағдаймен танысты. Нан 43 теңге, қызанақтың бір килограммы 500 теңгеден басталса, шырын, шұжық, сүт сияқты жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінің құны сол қалпы.

Ет өнімдерінің бағасы да өзгеріске ұшырамаған. Сиыр еті 1200, шошқа- 1500 теңге шамасында. Сондай-ақ, «Көктөбе» супермаркетіндегі әлеуметтік маңызды тауарлар құны да қалыпты.

Дүкен сөрелерінде азық-түлік құны, әзірге, өзгермеген. Теңгенің құнсыздануын естіген халық, ең керекті деген өнімдерді көптеп сатып алу үшін сауда үйлеріне ағылып жатыр. Алайда, билік өкілдері бағаны алдағы уақытта да бақылауда ұстайтын боламыз, – деп отыр.

 

Мағжан Ахмадина