Қоғам

“Ауғаныстан: біздің жадымыз бен жан жарамыз”

 

Көрмеге келген №43 орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары ең алдымен Ауған соғысы жайында бейнефильмді тамашалады. Онда әскер қатарына алынған талай бозбаланың Ауғанстандағы шайқасқа тап болғаны жайында көрсетілді. 1979 жылы басталған соғысқа Қазақстаннан 22 мың боздақ та аттанған еді. Олардың ішінде 762-сі майдан даласында қаза тапты. Туған елге оралмағандардың арасында солтүстікқазақстандықтар да бар. Бүгінгі көрмеге осы шайқасқа қатысқан көзі тірі және қаза тапқан интернационалист-жауынгерлердің фотосуреттері мен әскери киімдері, ата-аналарына жазған хаттары, соғыс аяқталғаннан кейін марапатқа ие болған сарбаздардың медальдары қойылды. Мәселен, мына Калашников автоматы, жаяу әскерге қарсы қолданылатын мина мен танкіге қарсы итальяндық мина Ауған жерінде соғысқан жауынгерлердің негізгі қаруы. Бұл сияқты тарихи жәдігерлерді мұражайдың қызметкерлері 2009 жылдан бері жинақтап келеді.

Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанғандардың бірі – Александр Азегов Ауған жеріне аяқ басқан Кеңес әскерлерінің алғашқы легінде болыпты. Сұрапыл шайқастар әлі күнге дейін есімде дейді ол. Жадында мәңгіге сақталған естеліктерімен интернационалист-жауынгер оқушылармен бөлісті.

 

Александр Азегов, Ауған соғысының ардагері:

– 1979 жылдың 25 желтоқсанында біз Ауғаныстан жеріне жеттік. Онда соғыстың болып жатқандығынан бейхабар болатынбыз. Оқу-жаттығу жұмыстарына бара жатқан шығармыз деп ойладық. Сөйтсек, нағыз соғысқа түсіппіз. Біз Кабулда болдық. Талай солдаттың майданда қаза тапқанын өз көзіммен көрдім.

 

Бұдан кейін жиналғандар Ауған соғысында қаза тапқан жерлестерімізді 1 минуттық үнсіздікпен еске алды.

Көрмеге келген оқушылар талай боздақ шейіт болған Ауған соғысы жайында бүгінгі кештен көп мәлімет алдық дейді.

 

-Бүгінгі шарада Ауған соғысына қатысқан ардагерлеріміздің есімдері мен қай жылдары шайқаста болғандарын білдім. Біз оларды ұмытпағанымыз жөн.

– Туысқандарымның ішінде Ауған соғысына қатысқандар бар. Әрине олар қиын шақты бастарынан өткізді. Олардың есімдері тарихта қалады.

 

“Ауғаныстан: біздің жадымыз бен жан жарамыз” аталған көрмеге 40 шақты экспонат қойылды. Мұндағы жәдігерлерді жерлестеріміз осы айдың соңына дейін тамашалай алады.

 

Бану Ахметова