Билік

Облыс орталығын абаттандыру мәселелері басты назарда

 

Әдеттегідей жиынды шаһар басшысы облыс орталығының дамуы жөніндегі баяндамасын оқудан бастады. Қалалықтардың әл-ауқатын жақсарту қамында қыруар шаруа тындырылған. Жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс шегі 15,5 мың теңгені құрады. Орташа жалақы 86 мың 711 теңгеге жетіпті. Қай саланы алып қарамасақ та өсім бар. Әрине, бұл заман талабы. Кезекті есептік жиын Заречный кенті мен Кирпичный, Былғары зауыты мен Ойқала аудандары және Ғ.Мүсрепов, Абай, Пушкин көшелерінің шеңберіндегі тұрғындарға арналған. Сондықтан жиналғандарды ауқымды шаралардан гөрі өздерінің тұрғылықты аумақтарындағы кіші-гірім істердің жүзеге асуы қызықтырды. Бұны мінберде тұрған атқамінер жақсы түсінеді. Сондықтан сөзінің арнасын осылай қарай қарай бұрды.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылы осы аудандардағы 9 көше жолдары қалпына келтірілді. Шынымен жөндеуді қажет ететіндерді назарсыз қалдырмауға тырыстық. М. Жұмабаев, Крепостная көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы қалпына келтірілді. Жылу желісі, ескірген құбырлар жаңартылды. 20-ға тарта ойын алаңқайы тұрғызылды. М. Жұмабаев саябағы жаңғыртылды.

 

Жалпы былтыр осы залдан тура 50 мәселенің басы қайырылсын деген тілектер айтылыпты. Көтерілген сауалдар түгелімен қанағаттандырылған. Төлеген Закариянов келгендердің бір жылда тағы қордаланып қалған бұйымтайларын тыңдамас бұрын биылғы межеленген жоспарлармен бөлісті.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Қалада тұруға жайсыз ескі үйлер саны көбейіп барады. Тозығы жеткен баспаналар облыс орталығының сиқын алып тұрғаны шындық. Сондықтан ондай үйлер бұзылып жатыр. Қиратылғанның орнына жаңа нысандар салынады. Жермен-жексен етілген баспана иелері далада қалмайды. Ол үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.

 

Қаланың орталық алаңындағы көлік кептелісін босатудың да амалдары қарастырылып қойылған. Ол үшін М. Жұмабаев көшесі ұзартылып жатыр. Жамбыл, Бөкетов, Әуезов көшелері кеңейтілетін болады. Босаған аумақтарда 4 бірдей типтік балабақша іргесі көтерілмек. Кейін сұрауларымен арнайы келгендер залға қойылған микрофонға кезек құрды. Владимир Тараканов Е. Бөкетов, 10 мекенжайы тұрғындарының шағымын жиып әкелген.

 

Владимир Тараканов:

-Үш үйдің жылу трассасы бір-бір біріне 2008 жылы жалғанды. Қысым төмен болғандықтан жылу біздің үйге жөнімен тарамайды. Бөлек таратқыш желі болу керек. Пәтерлеріміз суық.

 

Энергетиктер аталмыш үйді тексердік дейді. Сараптама жылудың қалыпты деңгейде жеткізілетінін көрсеткен. Жел болмаса шөптің басы қозғалмайды. Облыс орталығының басшысы тағы бір мәрте тексеріс жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар емдеу мекемелеріндегі бітпейтін кезек, көшелерді жарықтандыру жағын шешуді өтінді. Жолдардың тозғандығы да көпшіліктің бас ауруына айналған. Жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің жетіспейтіндігі де қалалықтардың мазасын қашырған. Көтерілген бар мәселе Төлеген Закарияновтың бақылауына алынды.

 

Жеңіс Ермұқанов