Балалар

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқушылар арасында тілдер олимпиадасы ұйымдастырылды

Раушан Мұхамеджанова биыл Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепті тәмамдайды. Оның сүйікті пәндерінің бірі қазақ тілі мен әдебиеті. Сондықтан бойжеткен Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовтың шығармаларын құмартып оқиды. Қатарластарымен бәсекеге келгенде алдына жан салмайды. Қалалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылған тіл сайыстарына талай рет қатысқан ол, білімін шыңдап, бірнеше мәрте жүлделі орындарды қанжығасына басқан. Раушан мектепті бітірісімен, журналистика мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнына оқуға түсуді жоспарлапты. Сондықтан бүгіннен бастап білімін таңдаған бағытына сай жетілдіріп жүр.

 

Раушан Мұхамеджанова, Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектептің 11-сынып оқушысы:

-Жүлделі орын алуға үмітім бар. Мен үшін журналистика мамандығы қызықты. Осы қатысып жатқан олимпиада өзіме бір септігін тигізеді деп ойлаймын.

 

Университетішілік тілдер олимпиадасында жоғары сынып оқушылары қазақ тілінен өзге орыс, ағылшын және неміс тілдерінен білімдерін сарапқа салып жатыр. Оқушылар 2 кезеңдік тапсырмадан өтеді. Алдымен, оқу бағдарламасынан алынған тақырыптар бойынша шығарма жазып, тест сұрақтарына жауап береді. Сыннан сүрінбегендер грамотамен марапатталады. Ал, олардың ұстаздарына университет оқытушылары тарапынан алғыс хат жіберілмек. Өткен жылмен салыстырғанда биыл тіл сайысына қатысып жатқан жастардың қатары артқан. Бұл ең алдымен тіл жанашырларын қуантпай қоймады.

 

Жанар Таласпаева, СҚМУ тіл және әдебиет институтының директоры:

-Бұл олимпиаданы ұйымдастырудағы мақсат: оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттыру. Қабілетті деген оқушыларды іріктеп, оларға қолдау көрсету. Сонымен қатар университетіміз, институтымыздың тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстыру. Оқушыларға кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізу, яғни өзіміздің мамандықтарымыз бойынша жан-жақты, толыққанды мағлұмат беру.

 

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ТжӘИ-ы тілдер олимпиадасын осымен 2-ші жыл ұйымдастыруда. Оған жалпы білім беретін 18 қалалық орта мектептен 136 оқушы қатысуға ниет танытыпты.

 

Берік Қасен