Билік

Әлеуметтік маңызды тауарлар бағасы – бақылауда

 

“Бьютимания” дүңгіршегі шетелдік өнімдерді сатады, негізінен француз әтірлері. Косметика саудалаушылар әзірге тауар құнын өзгерткен жоқпыз дейді.

«Технодомдағы» сауда кеңесшілерінің сөзіне қарағанда тұрмыстық техниканың бағасы бұрынғы бекітілген күйінде тұрған көрінеді. Сөрелерге жайылғандардың барлығы дерлік АҚШ доллары шарықтамай тұрғанда алынған. Алайда мұндағы тауарлардың біршамасының құны көрсетілмеген. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов оның себебін сұрап білді.

Осы орайда күнделікті сұраныстағы азық-түлік бағасының шарықтамауын қамтамасыз ету аса маңызды. Сондықтан Қайрат Бекенов “Рахмет” сауда орталығындағы “Северный” супермаркетін де аралап шықты. Облыс әкімінің орынбасары бірінші кезектегі әлеуметтік азықтың сомасы қымбаттамағанына көз жеткізді.

 

Светлана Бурлакова, “Рахмет” СО аға әкімгері:

– “Рахмет” сауда орталығының барлық бөлімдері қалыпты режимде жұмыс істеуде. Дүңгіршіктердің бірі де жұмысын тоқтатып, жабылып қалған жоқ. Отандық тауар өндірушілермен қатар импорттық тауардың бағасы өзгерген жоқ.

 

Әлеуметтік пакетке кірістірілген бар тауардың бағасын тұрақтандырумен айналысатын арнайы штаб құрылды. Оның жұмысын облыс әкімі Самат Ескендіров жіті бақылауына алды. Өңір жетекшісінің орынбасары Қайрат Бекеновтың айтуынша басты мәселе бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу. Әсіресе жергілікті тауар өндірушілеріне оған еш себеп жоқ.

 

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің бірінші орынбасары

-Бүгінде 31 әлеуметтік маңызды тауар саудасы бақылауға алынды. Бүгінгі тексерісте баға өзгерісі тіркелмегені қуантады. Алыпсатарлардың доллардың өсуін пайдалануына жол бермеу керек. Пайдақұмарлардың заңсыз ісіне тұсау салу үшін штаб мүшелері күнделікті сауда нүктелеріне шығып мониторинг жасайтын болады. Негізсіз бағаны көтергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 

Кайрат Бекенов коммуналдық қызметтердің де өтемі көтерілмейтінін жеткізді. Ал айырбастау пункттерінде доллар мен еуроны сатып алу мен сату айырмасы 2,3 теңгеден аспауы шарт. Бұны ескермегендер лицензиясынан айырылып қалуы ғажап емес.

 

Жеңіс Ермұқанов