Балалар

“СевКазЭнерго” жас мамандарды жұмысқа шақырды

 

 

Дәулет Жандәулет облыс орталығына жұмыс іздеп Ақжар ауданындағы Ленинград селосынан келген. Алдымен негізгі техникалық білім алу үшін, ол 9-сыныпты бітірісімен, өз ауылындағы лицейде 3 жыл оқыған. Кейін аудандық жұмыспен камту бөлімі талапты жасты “Жұмыспен қамту жол картасы-2020” бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіне оқуға жіберген. Қазір ол соңғы курста білім алуда. “Электрмен жабдықтау” мамандығын ынта-ықыласпен игеріп жүрген Дәулет шәкіртақыдан қағылған емес. Жақында талапты жас “СевКазЭнерго” АҚ-нда жұмыс істеуге ұсыныс алыпты.

 

Дәулет Жандәулет, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Биылғы жылы колледжді бітіріп, дипломды алғаннан соң мен осыған дейін қайда барып, жұмыс істеймін деп ойлап жүргенмін. Сондықтан бүгінгі агитациялық жұмыстар біз үшін өте маңызды. Енді сәтін салса, оқуды бітірген соң “СЕВКАЗЭНЕРГО” компаниясына жұмыс істеуге барамын. Өйткені, олар өз қызметкерлерінің барлық жағдайын жасап отыр.

 

Үгіттеушілердің айтуынша, жас маман ретінде Дәулетке жұмыс орнында жақсы жағдайлар жасалмақ. Оның құқықтары еңбек келісімшартында көрініс табады. Денсаулығы мен отбасылық жағдайы да ескерілмек. Мысалы, отау құрса, жатақханадан 1 жылға тегін орын беріледі. Жоғарыда аталған жеңілдіктер студенттерді қызықтырмай қоймады. Енді олар бір байламға келуі керек.

 

Елена Палянова, “СевКазЭнерго” АҚ жетекші маманы:

-Біздің компания 2014 жылғы түлектерді жұмысқа алуды көздеп отыр. Өйткені, қазіргі жастардың жұмысқа деген құлшынысы жоғары, тек оларға дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, кәсіби тәжірибесін арттыруға мүмкіндік жасау қажет. Осы талаптардың барлығы бізде қарастырылған.

 

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі көп жылдан бері “СевКазЭнерго” компаниясымен тығыз әріптестік қарым-қатынас жасап келеді. Соның арқасында аталмыш білім ордасының студенттері үшін машықтану, іс-тәжірибесін өту аса қиындық тудырмайды. Бүгінде колледж қабырғасында күндізгі және сырттай бөлімді қоса есептегенде 1,5 мыңға жуық студент 16 мамандық бойынша білім алуда. Басымдық ауыл шаруашылығы мен экономиканың негізгі секторларына берілген. Студенттердің 90 пайызы “Жұмыспен қамту жол картасы- 2020” бағдарламасы шеңберінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие.

 

Юрий Данилов, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

-Біздің колледжде еңбек нарығына қажетті деген көпсалалы мамандықтар оқытылады. Экономиканың негізгі секторы ретінде, энергетика саласы да қарастырылған. Студенттер осы бағыт бойынша электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығындағы автоматика негіздері және электр-механикалық құрылғылар бойынша негізгі 3 мамандықты игеруде.

 

Бүгінде тұрғындар мен қаладағы өндіріс ошақтарын тоқ көзімен үздіксіз қамтамасыз ету күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Сәйкесінше, бұл салаға тартылған кардрлар да өз ісінің білгірі болуы қажет.

 

Берік Қасен