Бизнес және экономика

“МюльСервис” қоқыс шығару тарифін өсірді

“МюльСервис” ЖШС тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығару тарифін бірден 20 теңгеге қымбаттатып отыр. Сондықтан, серіктестіктің қызметі үшін тұрғындар 1 ақпаннан бастап жан басына 175 теңге төлейтін болады. Тарифтің өсуін серіктестік өз шығындарының артуымен түсіндіреді. Өйткені, “Коммунхоз” ЖШС тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқысты сақтау бағасын көтеріпті. Дегенмен, тариф өсімінің қаншалықты негізді екенін қазіргі таңда облысымыздағы монополияға қарсы инспекция анықтап жатыр.

 

Наталья Шаяхметова, СҚО бойынша монополияға қарсы инспекция басшысының орынбасары:

– Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап “МюльСервис” ЖШС-не қызмет бағасының өсуіне қатысты анықтама беруді сұрадық. Олардан түскен ақпараттың монополияға қарсы заңдармен сәйкестігі анықталады. Ал, “Коммунхоз” серіктестігінің тарифіне келетін болсақ, қызмет құнының өсуіне қатысты әкімдікте комиссия құрылып, тариф қарастырылады. Кейін ол мәслихаттың сессиясында нақтыланады.

 

“МюльСервис” ЖШС облыс орталығын абаттандырумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Бірқатар аудандардағы тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығарады. Монполист өз міндетін талапқа сай атқарып жүр ме. Ол туралы тұтынушылардың пікірлері әр түрлі.

 

-Көбінесе қоқыс ұзақ уақыт шығарылмай, жиналып қалады. Контейнерлердің маңайында жатқан тұрмыстық қалдықтарды жинамайды. Егер жұмыстарын сапалы атқарса, қызмет құнын өсіргеніне дауласпас едік.

– Қоқысты күнделікті әкетіп жатады. Олардың жұмысына көңілім толады.

 

Егер серіктестіктің тарифті негізсіз өсіргені анықталса, коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме айыппұл төлейді. Ал, тексеріс нәтижесі келесі аптада белгілі болмақ.

 

Бану Ахметова