Денсаулық сақтау

Облыстық балалар ауруханасы жаңа құрылғылармен толықты

 

 

Қазіргі күні арнайы құрылғылардың арқасында соқыр шекті алып тастау дәрігерлер үшін аса қиындық тудырмайды. Өйткені бүгіндері ақ халаттылар отаны лапароскопиялық әдіспен жасайды. Ол емдеу мекемесі былтыр алған жаңа бейнекешеннің көмегі арқасында мүмкін болып отыр. Германдық қондырғының құны  32 млн теңгеден асады.

 

Геннадий Беляев, облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Осы қондырғының көмегімен өткен жылы 180-нен астам ота жасадық. Ең алдымен бұл әдісті бізге түсіндіру үшін еліміздің жетекші мамандары келіп шеберлік сағаттарын өткізді. Тәжірбиелерімен бөлісті.

 

Облыстық балалар ауруханасы алған жаңа қондырғының бірі – автоматтандырылған анализатор. Ол санаулы минуттардың ішінде газ, қандағы метаболиттер мен электролит құрамын анықтай алады. Жаңа құрылғы ақ халаттылардың жұмысын біраз жеңілдеткен. Өйткені бұрындары бұл анализдер жеке-жеке алыныпты. Және оған дәрігерлер 2-3 сағат жоғалтқан көрінеді.

 

Светлана Сахарова, облыстық балалар ауруханасының клиникалық-диагностикалық зертхана бөлімшесінің меңгерушісі:

-Бұрын біз портативті анализаторды қолданатынбыз. Ал мынау оған қарағанда заманауи, әрі қолданылуда да қарапайым. Бірден бірнеше функция орындауға қауқарлы. 2 минуттан соң дәрігер емделушінің жағдайы жайлы толық ақпаратты біле алады.

 

Австрияда шығарылған автоматтандырылған анализаторды емдеу мекемесі 7,5 млн теңгеге алған. Реанимация, хирургия және ота жасау бөлімшелеріне әсіресе қажетті жаңа қондырғы дәрігерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

 

Нұрлан Жақыпов,облыстық балалар ауруханасының анестезиология, реанимация және қарқынды емдеу бөлімшесінің меңгерушісі:

-Бұл қондырғы көмегімен баланың 1 тамшы қанынан 12 көрсеткішті бірден анықтау мүмкін болып отыр.Ол өкпе ауруларының ақауларын жылдам анықтап емдеуге мүмкіндік береді.

 

Аурухана барлық құрылғыларды «Казмедтех» АҚ ұсынған қаржы лизингісінің көмегімен алған. Бұдан өзге емдеу мекемесі ультра-дабыстық диагностикалық жүйе және екі жұмыс орнына шақталған рентген аппаратына қол жеткізген.

 

Олег Завьялов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

-«Самсунг» фирмасы шығарған ультра-дыбыстық жүйе миды транскранеалды зерттеуге мүмкіндік береді. Мұндай қондырғы бізде бұрын- соңды болған емес. Рентген аппарат та қажетті құралдардың бірі. Құрылғылар ауруларды жылдам анықтап, толығымен зерттеуге мүмкіндік береді.

 

Жалпы өткен жылы ауруханада 9 мыңнан астам бала ем қабылдаған.

 

Мағжан Ахмадина