Билік

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті

 

Елбасының халыққа жолдауын насихаттауды мақсат еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекованың өңірімізге атбасын тірегеніне екі күн болыпты. Алғашқы күні халық қалаулысы Петропавлдағы кәсіпорындар мен медициналық мекемелерді аралаған.

 

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бірінші күні біз қалалық аурухана мен “Севказэнерго” АҚ ұжымдарымен кездестік. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйіне соқтық. Кездесуде кәсіпкерлер өз өнімдерін – гипс ойыншықтарын бүлдіршіндерге тегін табыс етті. Бүгін өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, соңынан Бескөлге барамыз.

 

Шағын және орта бизнесті дамыту – 21 ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы екенін Елбасы өзінің кезекті жолдауында айтқан болатын. Халық қалаулысы Меруерт Қазыбекова ендігі кезекте, Ұлт көшбасшысы айқындаған міндеттерді орындау қажеттігін тілге тиек етті. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға осы бастан-ақ кіріскен абзал. Ал біздің облыста бүгінгі таңда шағын бизнесте жүргендердің 70 пайызын нәзік жандылар құрайтын көрінеді.

“Кәсібі бардың нәсібі бар” деген жеке кәсіпкер Валентина Мыза өз ісін Қызылжар ауданындағы туған ауылы Большая Малышкада дөңгелетіп отыр. Нәзік жанды нан-тоқаш өнімдерін шығарады. Бұл шаруаға ден қойғанына 18 жылдан асыпты. Шағын наубайханада 16 адам еңбек етеді екен. Бұрымды қазіргі күні бизнесті дамытуға Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтады. Бастысы, оны тиімді пайдалана білу қажет.

 

Валентина Мыза,”Мыза” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

-Қазір қолыңнан келетін істі жүзеге асыруға шектеу қойылмаған. Кез-келген нәзік жанды өз ісін аша алады. Мен ауылдағы бизнесті дамытып отырған іскер жанның бірімін. Үкіметтен біраз қолдау көрдім.

 

Сонымен қатар кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова өз ісін енді қолға алған кәсіпкерлерді де жақсы демеу керектігін айтты.

 

Бану Ахметова