ТЖ

Құтқарушылар Елбасы Жолдауын талқылады

 

Жолдаудың аты айтып тұрғандай мақсат, мүдде, болашағымыз бір. Сондықтан бірлігі жарасқан отандастарымыз бір ананың балаларындай ортақ табыс қамында етене еңбек етулері тиіс. Ел игілі үшін бір жүйеге тізілген әр қызмет негізгі ісін абыройлы атқаруы керек-ақ. Тілсіз жаумен алысып жүрген өңіріміздің өрт сақшылары да бұл табыс тізбегін үзбей еселей түсу парызымыз дейді.

 

Ерік Мәжитов, СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары басқармасының басшысы:

– Қоғамдық тәртіпті сақтау – стратегиялық құжат көтерген басым бағыттардың бірі. Бұл тапсырма бізге де тиесілі. Құқық қорғау саласы мен өрт сөндіру қызметінің негізгі талаптары бір. Бұқара мен мемлекеттік құндылықтарды сақтау. Басты қазына – адамды өлім аузынан аман алып шығу өжеттілікпен қатар кәсіби шеберлікті қажет етеді. Бұл орайда ішкі тәртіп ережелердің сақталуы да маңызды.

 

Осы орайда құқық қорғау саласы мен құтқарушылар жыл сайын мемлекеттік аттестациядан өтеді. Сынақтан мүдірмеген, сайдың тасындай іріктелген қызметкерлер ғана жауапты шаруаны атқаруға лайықты. Бұл бізбен сіздің қауіпсіздігіміздің кепілі.

 

Серік Дүйсенбеков, СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары:

– Елбасы жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын жетілдіре түсуді тапсырды. Әлеуметтік зұлымдықтың тамырына балта шабу үшін былтыр 15 кешенді шара ұйымдастырдық. “Нұр Отан” партиясының өкілдері мен қаржы полицейлерін шақырып, семинар-кеңестер өткіздік. Қарамағымыздағы қызметкерлер ЕС 164/1 түзету мекемесінде жемқорлық үшін жазасын өтеп жүргендердің жағдайымен іс жүзінде таныстырылды. Сабақ болсын деп.

 

Жалпы былтыр облыста 322 млн. теңгенің шығынын әкелген 746 өрт оқиғасы тіркеліпті. Бұл 2012 жылдан 18 пайызға кем. Өршіген жалын 48 адамның өмірін жалмап кетті. 55 адам тілсіз жау тұтқынынан босатылды.

 

Жеңіс Ермұқанов