Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының 19-шы конференциясы

 

Конференцияның күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Олардың алғашқысы Елбасының биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауы. Аталған құжатта «Қазақстан- 2050» стратегиясының негізгі талаптарын нақты жүзеге асырудың амалдары көрініс тапқан. Сондықтан бұл құжат алға қойылған міндеттердің салмақты, әрі ауқымды болуымен ерекшеленеді. Жиында сөз алған облыс әкімі Самат Ескендіров шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше назар аударды.

 

Самат Ескендіров, «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

-Кәсіпкерлерді қолдау мәселесі басты назарда болуы керек. Шағын және орта бизнесті кеңейтуге жағдай жасау арқылы біз ел экономикасын дамытуға үлес қосамыз. Ол жас кәсіпкерлердің өсуіне де, нық қадам басуына да үлкен көмек болмақ. Шағын және орта бизнестің дамуы Қазақстан дамуының басым бағыты саналады.

 

Бүгіндері облысымызда 25 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеуде. Бұл салада 100 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылып отыр. Бір қуантарлығы – бұл көрсеткіштер жыл сайын артуда. Кәсіпкерлер өз бизнесін дамытуда мемлекеттің қолдауын барынша пайдаланып, ісін дөңгелетіп отыр. Өңіріміздегі осындай іргелі кәсіпорындардың бірі- «Мәмбетов и К» КС. 2012 жылы шаруашылыққа Америкадан ангус тұқымдас 200 тайынша мен 6 бұқа жеткізілген. Биыл зеңгібаба төлі теріскейдің екінші қысын бастан өткеруде. Қазір мұндағы асыл тұқымды мал басы 400-ге жеткен. Ата кәсібімізді дамытуға үлес қосып келе жатқан шаруашылық басшысы қазір агроөнеркәсіпті инновациялық жолға қою міндеті тұрғандығын түсінеді.

 

Еркебұлан Мәмбетов, «Мәмбетов и К» КС бас директоры:

-Біз қазір ылғал сақтау принципін қолданып, егістік көлемін ұлғайтып жатырмыз. Майлы дақылдар алқаптарын да арттырдық. 2 жыл бұрын етті мал өсіруді қолға алдық. Сондықтан біз Елбасының жолдауында айтылған шаруашылықты, бизнесті дамытуға кедергі келтіретін тосқауылды алып тастау керек деген сөздерін жылы қабылдадық.

 

Елбасы кезекті жолдауында білім саласының дамуына да ерекше көңіл бөлді. Басты құжатта белгіленген міндеттер мен мақсаттарды іске асыруды қолға алған өңірдегі мектептер аз емес. Солардың бірі – №7 орта мектеп. Оқу ордасында жаңа технологияларды енгізу бойынша тың жұмыстар атқарылыпты. Ол жайлы мектеп директоры  Гүлнар Таласпаева баяндады.

 

Гүлнар Таласпаева, №7 орта мектептің директоры:

-Мектебіміздің 7 мұғалімі Кембридж бағдарламасы бойынша білімдерін шыңдап, қазір алған тәжірбиелерін оқу ордасында қолданып жүр.

Барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін еліміздің әр азаматы соған атсалысуы қажет. Ең бастысы аталмыш жолдауда қазақстандықтардың басын бір шаңыраққа, достық пен сыйластыққа тоғыстыратын «Мәңгілік ел» идеясының жариялануы дейді өңір жастары.

 

Динара Мақсұтова,СҚО бойынша Қазақстан студенттері альянсының көшбасшысы:

-Елбасы туған елімізді біріктіретін «Мәңгілік ел» жобасын енгізді. Ол стратегияны орындаудың түп қазығы.

 

Сонымен қатар жиында партияның саяси кеңесіне өзгертулер енгізілді. Енді кеңес мүшелерінің қатарында жастар, нәзік жандылар мен шағын және орта бизнес, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің саны артты. Есесіне, партияның саяси кеңесінің құрамындағы мемлекеттік қызметшілер азайған.

 

Мағжан Ахмадина