Спорт

Петропавлда олимпиадашыларды қолдау акциясы өтті

 

Сочидегі Қазақ елінің спортшыларын қолдау акциясын Қазақстанның коммунистік халық партиясы СҚОФ  мүшелері мен облыстық филармонияның өнерпаздары бірлесіп ұйымдастырған. Жастар стадионында қанат жайған шараға спортшылар, мұғалімдер мен мектеп оқушылары атсалысты.

 

Нартай Сауданбекұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, актер:

-Сочиге барып Елбасымыздың өзі Н.Ә.Назарбаев сол жерде спортшыларға ақ жол тіледі. Лондон олимпиадасындағы толағай жетістіктеріңді қайталасыңдар деп үміттенеміз деді. Біз де үміт күтеміз. Мына жақта солармен жүрегіміз бірге соғып, баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады демекші, бүкіл Қазақстанның барша 17 млн халқы солардың тілеуін тілеп отырамыз.

 

Дәмеш Құрманкина, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші:

– Біздің Қазақстаннан Сочидегі ақ олимипиадаға 52 адам кетіпті, оның ішінде қызылжарлық 2 спортышымыз бар. Сондықтан, мына жарысқа қатысып жатқандарға сәттілік, үлкен олжамен оралсын деп тілейміз.

 

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар қызықты шаралар өткізіп, жерлестерімізге Олимпиада ойындары мен Қазақстан құрамасы туралы сауалдар қойды. Бірқатары түрлі спорттық сайыстарға атсалысты. Қолдау шарасына келгендер жаурап қалмас үшін алаңда ыстық шай ұйымдастырылып, келушілер бауырсақ пен тәтті-дәмдіден ауыз тиді.

 

Сергей Мартемьянов, Қазақстан коммунистік халық партиясы СҚОФ 1-хатшысы:

-Шараға қысқы спорт түрлерінен қалалық, облыстық жарыстарда алдарына жан салмайтын жас спортшылар, облыстық филармония ұжымы мен студенттерді шақырдық. Оларға күндізгі сағат 2-ден кешкі 5-ке дейін конькиді тегін жалға алу мүмкіндігі берілді.

 

Сочидегі Қысқы Олимпиада ойындарында дәл қазір 98 медаль жиыны сарапқа салынуда. Оған жұмыр жердің түкпір-түкпірінен келген 5,5 мыңнан астам шын жүйрік үмітті. Қазақстан құрамасынан байрақты додаға 52 спортшы қатысуда. Отандастарымыздың қатарында әзірге жүлдеге іліккендер жоқ. Десе де, солтүстікқазақстандықтар Сочидегі отандастырымыз жақсы нәтиже көрсететініне сенімді.

 

Берік Қасен