Билік

Петропавл қаласы әкімінің есепті кездесулері жалғасуда

 

Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закарияновтың есеп беру жиынына халық көп жиылды. Төлеген Закариянов, әдеттегідей өз сөзін облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастады. Жетістіктер баршылық. Бұл жағынан алып қарағанда облыс орталығы өсіп-өркендеп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Әрине, олқы тұстар да аз емес. Мәселен, әлі күнге қалада 142 дәрігер жетіспейді. Өткен жылы Петропавлдағы ескі ағаштарды кесуге 12 млн. теңге жұмсалған. Ағаш демекші, жасыл желектің ортасы – Демалыс және мәдениет саябағында енді кәуап пен ішімдік сатуға орын берілмейді деді Төлеген Закариянов. Жалға алу мерзімі аяқталса, басқа жер берілмекші. Тұрғындардың жолаушы тасымалдау қызметінің сапасына көңілдері толмайды. Жалдамалы пәтерлердегі жастардың түнгі у-шуы да азаматтарға маза бермейтін көрінеді. Осыған байланысты қалалық әкімдікке күніне 3-4 шағым түседі екен. Бұл мәселені бір ретке келтіру керек деген Төлеген Закариянов жазбаша келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарға тоқталды. Біреулер троллейбустардың не себептен жүрмей жатқандығын сұраса, енді бір азамат коммуналдық қызметтерге домофоны бар үйлерге кіру үшін бірегей кілт жасауды ұсынған. Өйткені, жалған айтып, ішке кіретіндер көп көрінеді. Шыны керек, бұл ұсыныс Төлеген Закарияновты қатты таң қалдырды. Қала әкіміне тікелей қойылған сұрақтардың жай-жапсары белгілі. Ол – жолдардың жағдайы.

 

Татьяна Карпенко:

-Менің балам Садовая, 2 көшесіндегі жеке шағын орталыққа барып жүр. Ата-аналар қауымы атынан Украинская көшесінен бастап ұзындығы 150 метр жерге асфальт төсеп берулеріңізді сұраймын. Өйткені, ол аумақ күз бен көктемде ми батпаққа айналып, жүруге қиындық туғызады.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

-Ең алдымен, біздің балаларымызға жағдай жасау керек. Сол себепті, осы аумақтағы абаттандыру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырамыз.

 

Жиында жол жағдайына қатысты түскен сұрақтардың көптігі сонша, қала әкімі, бізге асфальт зауытын сатып алу керек деген қалжыңын да айтып қалды.

Кездесуде, сондай-ақ жолаушы тасымалы туралы мәселелер де көтерілді.

 

Петр Журавлев:

-Жұмысшы кентінен Әуезов көшесінің соңындағы өнеркәсіп аймағына дейін жаңа автобус бағыты ашылса екен деген тілегіміз бар. Өйткені, сонда тұратын азаматтардың біразына жұмысына жету қиын.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

-Орынды сұрақ қойдыңыз. Бұл аралықта қатынайтын бағыт ашылады.

 

Айсұлу Аманжолованы шеткі аудандардың бірі – Берекеде қазақ мектебінің жоқтығы алаңдатады. Балаларым орталыққа қатынау үшін ұзақ уақытын жолға кетіреді дейді.

 

Айсұлу Аманжолова:

-Мен Бензострой кентінде жаңа қазақ мектебі салынса немесе бар орыс тілді мектептерде қазақ сыныптарын ашса деп ойлаймын. Орталыққа жету үшін біраз уақыт керек. Ал, балалар болса әлі кішкентай. Мектептері жақын болса мұндай мәселе туындамас еді.

 

Сұрақ қоямын деген азаматтардың көптігінен болар, Айсұлу Аманжолова бұл сауалын жолдаған жоқ. Айтылмай қалған ондай мәселелерге арнайы жәшіктер бар.

Осылай, жиын жоспарланғандай 1,5 сағатқа емес, 3 сағатқа созылып кетті.

Төлеген Закарияновтың Петропавлдың әкімі қызметіне тағайындалғанына  8 ай толған екен. Сол себепті, келер жылы мәселелердің анық-қанығын жіті біліп, олардың орындалуына деген талап жоғары болады деді.

Қала әкімінің кезекті есеп беруі ақпанның 11-нде М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде өтеді.

 

Данаш Хамзина