Мәдениет

Н. Погодин атындағы орыс драма театрында – кезекті премьера

2 бөлімнен тұратын комедиялық қойылымда Перкинстер жанұясы туралы баяндалады. Мекемелердің бірінде есепші болып жұмыс істейтін отағасы Генри үйіне келе жатқанда метрода байқамай шабаданын ауыстырып алған. Күтпеген жерде бөтен біреудің қомақты қаржысын олжалаған ерлі-зайыптылар дереу ізім-ғайым болуды ойластырады. Бірақ бұл кезде Генридің туған күніне келген отбасының достары мен инспектор олардың бар жоспарын бұзады.

Генри өзінің жұбайы Джейнмен бірге шет елге кетуге әрекет еткенімен, ол ойларынан түк шықпайды. Ақша туралы бар құпияны білген достары мен инспектор сырдың ашылмауы үшін Генриден ақша талап етеді. Ал оның әйелі Джейн болса, әбден қажып, ақыл-есінен айырылып, алжасқан күйге түседі. Джейн Перкинсті сомдаған Елена Вахрина көрермендер көңілінен шығу үшін барынша тырысып бақтым дейді.

 

Елена Вахрина, Н. Погодин атындағы орыс драма театрының әртісі:

-Сахнаға шығарылған пьесаның жанры – комедия. Барлық әртістер өз рольдерін лайықты сомдап шықты деп ойлаймын. Қойылым барысында күлкілі жағдайлар арқылы көрерменді ойландыруға тырыстық. Бастысы жұрт көңілінен шықса болғаны.

 

Көпшілікке алғаш рет ұсынылған комедия ендігі кезекте, сұранысқа ие қойылымдардың біріне айналатындығы сөзсіз дейді театрдың көркемдік жетекшісі Тимур Кәрімжанов.

 

Тимур Кәрімжанов, Н. Погодин атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

-Күлкіге толы комедияны Ресейдің өнер ұжымдары сахналап үлгерді. Ал біздің актерлер бұл қойылымды алғаш рет сахналауда. 2 бөлімнен тұратын комедия әзіл-қалжыңға, күлкіге толы.

 

Премьераның тамашалауға келген көрерменнің қатары қалың. Олар әртістердің шеберліктеріне тәнті болды.

 

-Біз театрға жиі келіп тұрамыз, өнер ұжымына алдағы уақытта шығармашылық табыстар тілеймін.

-“Смешные деньги” комедиясы көңілімнен шықты, қойылым желісі өте қызық ойластырылған.

-Комедия шытырман оқиғаға толы, шеберлікпен дайындалған спектакльдердің бірі десем болады.

 

Жақын арада өнер ұжымы солтүстікқазақстандық көрермендерді тағы да жаңа қойылымдарымен қуантпақшы.

 

Бақыт Сәдуақасов