Балалар

Мәжіліс депутаты және интернационалист-жауынгерлер мектеп-интернат тәрбиеленушілерімен кездесті

 

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны қолда ұстап тұру әлдеқайда қиын. Мұның бір айқын дәлелі – Ауғанстан мемлекеті. Онда өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздіктің салдарынан елдің тағдыры құрдымға кетіп, талан-таражға түсті. Сондықтан, Қазақстан Мәңгілік Ел болу жолында өзгенің қателігінен сабақ алуда. Мұны келешек ұрпақ та жете түсінуі шарт. Ол үшін Ауған соғысы ардагерлері жастарға өткенді білмей, болашақты елестетудің қиын екенін түсіндіріп бақты.

 

Марат Әлжанов, СҚО Ауған соғысы ардагерлері ұйымының мүшесі:

Жер бетінде соғыс болмасын. Біз Ауғанда болғанда бәрін өз көзімізбен көрдік. Біздің әскер 25 жыл бұрын Ауған жерінен шыққанымен, ол жерде соғыс әлі жүріп жатыр. Егер 89 жылы сол жерден адамдар шығарылмағанда қаншама қазақстандықтың өмірі зая қиылар еді. Елдегі тәуелсіздік пен бейбітшілікті бағалаңдар деп елбасымыздың өзі де Жолдауында айтып кеткен.

 

“Ауған соғысының жаңғырығы” атты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазыбекова қатысты. Ол Қазақстан қауіпсіз әрі тұруға жайлы ел болуы үшін жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болуы керек дейді.

 

Меруерт Қазыбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Болашақ жастардың қолында. Ең алдымен олар тәрбиелі, білімді, мәдениетті және өз елінің патриоты болуы керек. Сондықтан осындай шаралар олар үшін өте маңызды және пайдалы.

 

Тағылымды іс-шарадан кейінгі толқын мол әсер алып тарқасты.

 

Берік Қасен