ТЖ

Екі бүлдіршін өз үйінде өртеніп кете жаздады

 

 

Горький көшесі, 14 мекенжайындағы үйден өрт таңғы сағат 11 шамасында шықты. Отқа оранған баспанада қараусыз қалған 6 жасар жеткіншек пен 2 айлық нәресте болған. Төтенше жағдай орын алмас бұрын аналары жақын маңнан су әкелуге кетіп қалыпты. Абырой болғанда отағасы күнделікті жұмысынан ерте оралып, кішкентайларын өлім аузынан аман алып шықты.

 

-Жұмыстан сұранып келіп, үйдің есігін ашып қалсам, түтін басып кетіпті, шошып кеткен бала алдымда тұр, мен әйнекті сындырып, баланы алып шықтым. Болды.

 

Оқыс жағдайды байқап қалған көршілері бірден тілсіз жау күрескерлеріне хабар берген. Санаулы минуттардың ішінде оқиға орнына 3 арнайы көлік пен 14 өрт сақшысы келді.

 

Данияр Ақжігітов, қалалық ТЖБ өртке қарсы күрес қызметінің аға инженері:

– Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Біз келгенде үйдің шатыры мен сенегі жанып жатты. От маңайдағы нысандарға көшірілмей ауыздықталды. Баспананың негізгі бөлігі құтқарылды.

 

Ең бастысы балдырғандар еш жапа шеккен жоқ. Балаларының саулығын қамтамасыз еткен ер адамның қолдары мен бетін 1,2-ші дәрежелі күйік шалған. Құтқарушылар тұрғындарды сақ болуға шақырады. Соңғы уақытта әсіресе жеке секторда есік қақпай келетін апат жиілеп кеткен.

 

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:

– Жалпы жыл басынан 125 өрт оқиғасы тіркелді. Осының салдарынан 10 адам қаза тапты. Оның екеуі кәмелет жасына жетпеген жасөспірім. Сондықтан қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамыз.

 

Тек өткен аптада ғана дүлей от 30 мәрте үстемдік құрған. Салдарынан 2 адам тілсіз жаудың құрбаны болды.

 

Жеңіс Ермұқанов