Денсаулық сақтау

Облыстық ауруханада эндовидеоскопиялық қондырғы орнатылды

 

 

Мына эндоскопиялық құрылғы облыстық ауруханаға өткен сәрсенбіде орнатылыпты. Күніне заманауи медициналық жабдықтың қарауынан 20-ға тарта адам өтеді екен. Бұны естісімен соңғы уақытта сыр берген денсаулығын тексеруге Шал ақын ауданынан Раиса Ткаченко арнайы келіпті. Зейнеткердің бауыры сыздап, асқазаны түйіле беретінді шығарған.

 

Раиса Ткаченко, Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Мен бұрындары да тексерілуге келіп тұратынмын. Ол кезде менің ауруымды анықтайтын аппарат болмаған. Омбыға бару керек болды. Енді алысқа шаппай өзімізде қажетті көмек жасалатынына қуаныштымын.

 

Тың қондырғының көмегімен дәрігерлер 2 минуттың ішінде ағзаны бақылап үлгереді екен. Араға тағы 5 минут салып, сараптама қорытындысы жасалады. Адамның ішкі құрылысы экраннан тайға таңба басқандай анық көрсетіледі.

 

Елена Тарасова, СҚО бас эндоскоп маманы:

-Біз қазір ішкі құрылыс құрылымының шағын бөлшектерін көретін жағдайға жеттік. Мәселен бұрындары қан тамырлары жүйесін зерттеудің мүмкіндігі болмаған. Қазір әр миллиметріндегі олқылықты анықтауға болады. Ең бастысы сапалы диагностика жасалады. Онкологиялық ауруларды ерте бастан анықтай аламыз.

 

Әлемдік медициналық брендке айналған “Олимпус” компаниясының өнертабысы әмбебап. Құрылғы тек асқазанды тексерумен шектелмейді. Ас қорыту жүйесі мен тоқ ішекті бақылаумен қатар өт құрылымының диагностикасы жасалады. Лизинг арқылы сатып алынған жапондық жабдық құны 32 млн теңге. Облыстық аурухана жуық арада енді бір озық үлгідегі аппаратпен толығатын болады.

 

Юрий Белоног, СҚО ауруханасының бас дәрігері:

– Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында бүйрек ауруларына диагностика жасайтын құрылғы алынады. Сондай-ақ оның көмегімен бүйрек, өт тастарын отасыз алып тастауға болады. Бүгінде ондай аппараттар тек Алматы мен Астана қалаларының орталық клиникаларында ғана бар.

 

Соңғы 2 жылда облыстық аурухана 262 млн теңгенің заманауи қондырғыларымен толығыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов