Қоғам

Еңбеккерлердің мүддесін қорғауға арналған дөңгелек үстел

 

 

Кәсібі бардың нәсібі бар. Бұл орайда жұмыс беруші мен қызметкердің арақатынасын реттеудің маңызы зор. Жұмысшының қауіпсіздігі, әлеуметтік пакеті заңмен бекітілген. Алайда қарамағындағының құқығын таптап, міндетін орындауға құлшыныс танытпайтын басшылар өңірімізде баршылық.

 

Абай Құдабаев, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

-Жалпы 2013 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары облыстағы 737 кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде 1968 заңбұзушылық анықталды. Бұған жол берген 1047 лауазымдық және заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарттық. 92 материал құқық қорғау органдарына жіберілді. 33 іс сотта қаралды.

 

Еңбек дауларының көп бөлігі жалақы мәселесіне қатысты. Бүгінде өңірімізде 4 кәсіпорын қызметкерлері атқарған шаруаның тиісті құнын өтемеген. Тіпті қазіргі нарық заманында жалақыны мерзімінен айлап кешіктіргендері бар. Қарызға белшесінен батқан жұмыс берушілердің берешегі 13,7 млн теңгеге жетіпті. Көбіне екі тарап арасында еңбек келісім шартының болмауы жағдайды ушықтырып жатады.

 

Людмила Голенкова, СҚО кәсіподақ кеңесінің бас маманы:

– Кәсіподақтардың басты міндеті жұмыс беруші мен қызметкердің ара қатынасын реттеу. Жұмысшының мүддесін қорғайтын бірден бір құжат еңбек келісім-шарты. Елбасы еңбек адамының құқығын қорғау мәселесіне үлкен мән береді. Әр өндіріс ошағының кәсіподағы болуы керектігін міндеттеді. Бүгінде облысымыздағы 65 кәсіпорынның осындай арнайы ұйымы бар. Есесіне оларда еңбек заңнамасы бұлжытпай орындалады.

 

Өңіріміздің іскер азаматтары болса жуырда құрылған кәсіпкерлік палатасына шағымдана алады. Өткен үш айдың ішінде ғана бизнесмендерден 60-қа тарта өтініш түскен.

 

Евгений Мамыкин, СҚО кәсіпкерлер палатасының 1-ші санатты сарапшысы:

– Кәсіпкерлердің әр өтініші жіті қаралады. Негізінен энергетика саласы мен мемлекеттік органдарға деген өкпе-реніштері бар. Өзіміз шеше алмаған күрделі мәселелерді Ұлттық палата қарауына жібереміз.

 

Сондай-ақ Ұлттық палатаның өңірлік өкілдігінде бизнесмендердің құқықтық сауаттылығын ашу үшін кеңестер өткізіліп тұрады.

 

Жеңіс Ермұқанов