Раиса Алдабергенова – шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилердің өмірге аман-есен келуіне үлес қосып жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі. Қызылжар аудандық орталық ауруханасы акушерінің еңбек өтілі 36 жыл. Жоғары санатты тәжірибелі маман біліктілігін растау үшін кезекті сынақтан өтіп жатыр.
Бұл ерікті сынақ 50 сұрақтан тұрады. Санатын жоғарылатамын дегендер оны кез-келген уақытта тапсыруға құқұлы. Жалпы науқастарға сапалы медициналық көмек жасаудың қамында дәрігерлер 5 жылда бір біліктілігін тексеріп отыруға міндетті. Бұл екі қызмет түрі де тегін көрсетіледі.
Светлана Стригалева,СҚО медициналық және фармацевтикалық істі бақылау департаменті бөлімінің жетекшісі:
– Үміткерлер электрондық үкімет порталы арқылы тапсырыс бере алады. Бұл қызмет биылдан енгізілді. Біліктілігін сынаймын дегендер ғаламторға қосылып жұмыста немесе үйде отырып өтініш жаза алады. Жаңашылдық әсіресе шалғай аудандардағы дәрігерлерге жол машақатын шешіп, алтын уақытын үнемдеуде тиімді. Бізге тек сынақ тапсыру үшін келеді.
Сынақты мүдірмей өткендерге сертификат табысталады. Былтыр міндетті тесті 1179 дәрігер тапсырыпты. Нәтижесінде 679-ң санаты жоғарылаған.
Жеңіс Ермұқанов