Ауыл шаруашылығы

Солтүстікқазақстандық диқандар көктемгі егіске әзірленуде

 

Жаздың қамын қыс ойлайтын “Полтавское” ЖШС көктемгі дала жұмыстарына бүгіннен әзір. Күн сайын қарамақтағы техниканың сайлылығы тексеріліп тұрады. Былтырғы орақ науқанында егін бітік шыққан. Шаруашылық гектарынан 22 центнер астық жинапты. Бұл ауыл еңбеккерлерінің тыңғылықты дайындығының жемісі. Жер емген диқандарға алдағы егістікте 19 мың га алқапты өңдеу керек. Тұқымды жерге сіңіріп, бастыруға дейінгі қажет арнайы көліктің 36 бірлігі  бар.

 

Полтавское ауылының еңбекке жарамды тұрғындарының  дені аталмыш серіктестікте нәпақа тауып жүр. Қысы жазы жұмыс бар дейді олар. Техникалық парктің 90 пайызы жаңартылған.

 

Александр Безвинный, “Полтавское” ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы :

Техника жаңа. Күрделі жөндеуді қажет етпейді. Тозбас үшін күнделікті майлап, тексеріп тұрамыз. Құралсаймандар жеткілікті. Жалақы ай сайын беріліп тұрады. Ерінбегенге табыс көзінсіз қалмас үшін бар жағдайлар жасалған.

 

Өткен науқанда танап басына жоғары өнімді 4 су жаңа комбайн шығыпты. Биылғы маусымдада техникалық парк катары тағы бірқатар кешенмен толықтырылмақ. Себебі жылдың 4 мезгілі бойы агроқұрылым тынымсыз жұмыс үстінде. Мәселен, қазір серіктестік алқаптарда қар тоқтату шаруасын тындырды қолға алған.

 

Александр Троицкий, “Полтавское”ЖШС бригадирі, Аққайың ауданы:

-Қаңтардың 23-нен қар тоқтату жұмыстарына кірісіп кеттік. Маңызды шаруаға 4 трактор жұмылдырылды. Күнітүні тоқтамайды. 2 ауысымдық жұмыстың арқасында біраз іс тындырылды. 6800 Га қар тоқтатылды. Бұл ылғал жинаудың таптырмас жолы. Жер кеуіп қалса өнім шықпайды ғой. Көбірек қар жинау мол әрі сапалы астық алудың кепілі.

 

Не ексең, соны орасың. Бұны жақсы түсінетін тәжірибелі диқандар қажетті жоғары сұрыпты тұқым қорын да жиып қойыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов