Әр түрлі

Петропавлда үздік әскери дәрігерлерге құрмет көрсетілді

Биыл алғаш рет облыс орталығындағы Әскери институтта ақпанның 4 мен 8-і аралығында бөлім, бригада, өңірлік командованиелердің аға эпидемиолог дәрігерлері мен медицина бөлімдерінің басшылары арасында оқу-әдістемелік жиын өтуде. 50 әскери дәрігерлердің басын қосқан жиында тек 2 қызметкер үздік деп танылды. Соның бірі – Сергей Дадыверин. Ол санитарлық дәрігерден өңірлік командованиедегі медицина бөлімінің дәрігер-эпидемиологына дейін көтеріліпті. Шебер маман әріптестерінің арасында сыйлы, жұмысына берік жан.

 

Сергей Дадыверин,ҚР ІІМ ІӘ “Орталық” өңірлік командованиесінің медициналық бөлімінің аға офицері:

-Менің көпжылдық еңбегімді бағалап, сый-құрмет құрмет жасап жатқандарына алғысымды білдіремін. Әскери дәрігерлерге артылған жүк ауыр. Өйткені бүтін бір әскери бөлімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Өзім еңбек ететін әскери мекемеде бірде-бір оқыс оқиға болған емес.

 

Құрметке бөленген офицердің енді бірі – майор Болатбек Мұқашев. Осы салада қызмет етіп жүргеніне 13 жылдан асыпты. Атырау өңірінің тумасы еңбек жолын қарапайым дәрігер маманнан бастаса, бүгінде 5546 әскери бөліміндегі медициналық қызметтің басшысы міндетін абыройлы атқаруда. Жақында майор “Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісіне ие болыпты.

Әскери дәрігердің басты міндеті – бөлімдегі барлық сарбаздар мен офицерлердің қауіпсіздігін бақылауда ұстап, медициналық көмекпен қамтамасыз ету болып табылады. Жиында еліміздің әр аймағынан жиылған әскери дәрігерлер емдеу және алдын алу ісі мен эпидемиологиялық қамтамыз ету бағыттары бойынша өзара тәжірибелерімен алмасып, ойларымен бөлісуде.

Жиын соңында үздік әскери дәрігерлерге концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Бақыт Сәдуақасов