Билік

Парламент депутаттары мен студенттер Елбасы Жолдауын талқылады

 

 

Бірегей білім беру жүйесін құру, ұлттық ғылымды дамытып, зияткерлік қоғам қалыптастыру. Елбасы жолдауында білімді де жігерлі ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығын көтерді. Оған жеткізетін алғышарттар мен бас құжаттың басымдықтарын өңір студенттеріне ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары жеткізуге тырысып бақты.

 

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Жолдауда жарқын болашаққа жетудің нақты бағдары көрсетілді. Екіншіден, оның жүзеге асуын кешенді бақылау жоспары бекітілді. Үшіншіден, экономикалық әлеуеттің рет-ретімен жіктелінуі. Оны жүзеге асыруда жастарға сенім артылып отыр.

 

Өз сөзінде сенатор Бірғаным Әйтімова әлеуеті асқан, дәулеті тасқан мығым 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін нендей істер қажеттігін ортаға салды.

 

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Ғылыми қамтымды экономика есебінен шикізаттық емес өнімдердің үлесін 70 пайызға ұлғайту, шағын және орта бизнес үлесін 20-50 пайызға арттыру, 2050 жылға дейін Қазақстанды қауіпсіз және жайлы елдің біріне айналдыру қажет.

 

Бірғаным Әйтімова жолдауда кезекті рет көрініс тапқан тілдің үш тұғырлығын дамытудың маңызына да тоқталды. Сөзін ұтымды өткізу үшін баяндамасын қазақ, орыс, ағылшын тілінде үндестіріп жасапты.

Халық қалаулыларының көшін жалғаған Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов негізінен “Мәңгілік ел” идеясын үндеді. Ол ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың бірден бір жолы – елжанды ұрпақ тәрбиелеуде жатқандығын сөз етті.

 

Абай Тасболатов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Ата-бабаларымыз 550 жылдың 200 жылын соғыспен өткізді. Аңсаған тәуелсіздік бізге келді. Біз оны көздің қарашығындай сақтап айырылмауымыз керек. Елбасының Мәңгілік Ел дегені осыдан.

 

Мәжілісмен өңір жастарының бойына отансүйгіштік сезімін ұялату қамында патриоттық жырлардан үзінділерді жатқа оқыды. Кіндік қаны тамған туған жерге деген сағынышын әуелетіп әнмен де жеткізуге тырысты. Өңіріміздің білім қуған жастары ерекше форматта өткен танымдық, тәрбиелік жиыннан мол әсер алып тарқасты.

 

Жеңіс Ермұқанов