Білім

Өңір ұстаздары білім беру саласын одан әрі дамыту жоспарын талқылады

 

 

Ең алдымен жиында өткен жылы білім саласында тындырылған жұмыстар баяндалды. Бүгіндері өңірімізде 577 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. 3 пен 6 жас аралығындағы балғындардың 89 пайызы балабақшамен қамтылған. Десе де әлі облыс орталығы мен Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Есіл аудандарында кезекте тұрған бүлдіршіндер саны көп. Өңірдің бас педагогы аймағымызда балаларды ерте бастан дамыту бойынша жұмыс жасауы тиіс орталықтардың аздығын тілге тиек етті.

 

Шолпан Каринова, СҚО білім басқармасының басшысы:

Өңірде балаларды ерте бастан дамыту орталықтары жоқтың қасы. Болса да 2-3-уі ғана Петропавлда тіркелген. Ал қазақша орталықтар тіптен жоқ. Бұл білім бөлімдерінің жұмысы ақсап тұр деген сөз.

 

Алқа отырысында ауыл мектептерінде білім беру сапасын арттыру мәселесі де қозғалды. Бұл бағытта әдістемелік жұмыстарды күшейте түсу қажет. Облысымыздың барлық аудандарында әдістемелік кабинеттер жұмыс істейді. 105 әдіскер маман бар. Солардың қызметін әрі қарай да жетілдіре түсу керек. Кездесуде Елбасы өз жолдауында айтқан нано, ғарыштық және робот технологиясы мен гендік инженерияны дамыту мәселесі де талқыланды. Алдағы жылдардың еншісінде тұрған бұл мәселені қаламызда қолға алған 3 мектеп бар.

 

Данияр Уәлиев, №16 орталау мектебінің директоры:

-Біздің №16 мектепте арнайы үйірме бар. Сонда балалар айналысады. Жалпы робототехника балалардың инженерлік бағытта білім алып, сол саланы таңдауына жол ашады.

 

Бір қуантарлығы өңірде кәмелеттік жасқа толмағандар  жасайтын қылмыстар саны азайған. 2012  жылы 200-дің үстінде болса, былтыр 119 қылмыс тіркеліпті.

 

Вадим Яценко,СҚО ІІД ӘПБ бастығының орынбасары:

-Бұл бағытта мектепте әлеуметтік педагогтар, психолог мамандармен жасалатын жұмыстардың еңбегі зор деп білемін. Жалпы ең көп жасалатын қылмыстар ол ұрлық болып саналады. Бұл кәмелеттік жасқа толмағандар жасайтын қылмыстар санының 80 пайызын құрайды.

 

Бүгінгі таңда ұстаздар алдында орта білім беру саласын жетілдіре түсу мақсаты тұр. Ол үшін мектептерге Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің тәжірибесін енгізу қажет.

 

Мағжан Ахмадина