Билік

Мәжілісмен Ромин Мадинов Петропавлда азаматтарды қабылдады

 

Бүгіндері облысымызда 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Солардың 18 мыңы – жұмысқа қабілетті азаматтар. Владислав Демьянов ҚР Мәжілісінің депутаты  Ромин Мадиновке осы топтағы адамдардың жұмыспен қамту бағдарламасын әзірлеуде жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдалануды ұсынды. Мысалы, кәсіпорындарда мүгедектердің жұмыс істеуіне қолайлы қондырғылар орнатылып, жұмыс орындары белгіленуі қажет. Әлемнің көптеген елдерінде осы сынды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан көрінеді.

 

Владислав Демьянов,СҚО әкiмiнiң мүмкiндiгi шектеулi жандармен жұмыс жасау бойынша кеңесшiсi:

Айталық, АҚШ-тың инфрақұрылымы мүгедек жұмысшыларға бейімделген, ал Германияда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға бағытталған арнайы мемлекеттік қызмет бар. Бізде де осындай істер атқарылуы қажет.

 

Владислав Демьянов мүмкіндігі шектеулі жандарды салықтан босату жайын да көтерді. Қоғамдық қабылдауға үлкен үміт артып келгендердің бірі – Ержан Омаров. Ол мүгедектердің зейнетақысы мен жәрдемақы мөлшерін көбейту қажеттігін айтып отыр. Өз кезегінде Ромин Мадинов аталмыш мәселелерді әріптестерімен қарастырып, көмек қолын созатындығын жеткізді.

 

Ромин Мадинов, ҚР Мәжілісінің депутаты:

– Бүгін қойылған сауалдардың барлығы маңызды деп ойлаймын. Шын мәнінде, жұмыспен қамту мәселесі де, әлеуметтік көмек жайлы да сұрақтардың жолдануы орынды. Ендігі кезекте, біз салық кодексіне мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек жағдайын жақсарту туралы өзгертулер енгізуді қарастырамыз.

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев қоғамның әлжуаз топтарына ерекше көңіл бөледі. Өзінің «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа арнаған жолдауында ұлт көшбасшысы Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз елге айналуы керек деген болатын. Сондықтан бұл азаматтарды қамқорлыққа алу – қоғам алдындағы борыш болып саналады.

 

Мағжан Ахмадина