Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әлемдік пікірлесу алаңы

 

 

Алып мемлекеттердің жарыса дамып жатқан заманында әлділері озып алға шығады, әлсіздері сол көштің соңына қарай ығысады. Қазақстан мықты деген 50 елдің қатарында. Жас мемлекет үшін әжептәуір көрсеткіш. Ендігі меже – озық отыздықтың қатарына ену.

Бұл мұратқа жетуде алда талай асу бар. Осы ретте Елбасы Н.Назарбаевтың ойластырған G-Global жобасы сеп болмақ. Бұның ғаламдық деңгейдегі мәселелерді де шешуге қатысы бар. G-Global – интернет әлеміндегі пікірлесу, тәжірибе алмасу алаңы. Оны қолдап, дамыту жолдары форум барысында талқыланды.

G-Global жүйесінің бүгінгі беделі туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров тоқталды.

 

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі: Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренада көтерген жаһандық диалогтың жаңа форматы. G-Global диалогтық интернет-алаңын құру туралы идеясы бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық тарапынан жер шарында тұратын барлық адамдардың пікір алмасуы жолымен жаһандық проблемаларды шешудің басты элементі ретінде қабылданды. Қазіргі таңда G-Global халықаралық жобасы белсенді түрде алға жылжытылуда. Ағымдағы жылдың қаңтарында Давос қаласында өткен Бүкіләлемдік экономикалық форум аясында халықаралық қауымдастыққа, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы шетел елшілеріне және Мәскеу қаласындағы 82 елшілікке таныстырылды.

 

2012 жылы іске қосылған жоба бүгінде әлемнің 190 елінен 4 млн. пайдаланушыны біріктіріп отыр. G-Global-ға халықаралық ұйымдар, білім мен ғылым, бизнес өкілдері және Нобель сыйлығы лауреаттары зор қолдау танытқан. Оның ғаламдық деңгейдегі мәселелердің шешілуіне және Қазақстанның дамуына да ықпалы зор дейді Парламент Сенатының депутаты Серік Нөгербеков.

 

Серік Нөгербеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы жоспардың 16 бағыты бар. Сол 16 бағытты толтыру бойынша, осы бағыттар бойынша ақпарат жинап, ғылыми-зерттеу жұмысын жасап, әлем ғалымдарын осы жұмыстың айналасында басын қосып, соның нәтижесі бойынша қазір 10 мыңнан астам баяндамалар мен ғылыми жұмыстар түсіп жатыр.

 

Қазақстанның алдында тұрған міндеттердің бірі – “жасыл экономикаға” көшу. Жергілікті “НАНОСФЕРА” ЖШС директоры Наталья Белецкая бұл тақырып G-Global-да қызу талқылануы тиіс дейді. Осы ретте ол өзінің ғылыми негізделген ұсыныстарын білдірді.

 

Наталья Белецкая, “НАНОСФЕРА” ЖШС директоры:

-Жергілікті жердің табиғи жағдайын, ресурстарын, экологиясын көп жылдар бойы зерттей келе, «жасыл экономикаға» көшуге мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстарымыз бар. Мәселен, соның бірі – мынау. Тұщы көлдердің түбінде тонналап жиналған шөгінділер тамаша органикалық тыңайтқыш. Осы әдісті қолдана отырып топырақтың нашарлау процесін тежеуге болады.

 

G-Globalдың, әсіресе, білім саласындағы маңызына тоқталған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры Оңдасын Әшімовтың айтуынша жобаның студенттердің таным көкжиегін кеңейтуде маңызы ерекше.

 

Оңдасын Әшімов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

-Біздің ЖОО-ң G-Global платформасында қатысу университеттің әлемдік ақпараттық кеңістікте сапалы дамуына оң септігін тигізеді. Біздің университеттің оқытушылары мен студенттерінің G-Global аясында инновациялық тәжірибе алуға, креативтік идеялар және жобалармен танысуға зор мүмкіндіктері бар.

 

Жиында ел ғалымдары мен бизнес-қауымдастығына G-Global кеңістігінде әлемнің дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға белсенді түрде қатысу керектігі туралы айтылды. Жалпы, бұл бірегей жоба зал толы қауымның зор қолдауына ие болды. Осы орайда, форум соңында G-Global жүйесін көпшілікке таныстыру және жүзеге асыру мақсатында ақпараттық-насихаттау науқаны мен қоғамдық пікір алмасуды ұйымдастыру жөнінде қарар қабылданды.

 

Данаш Хамзина