Мәдениет

Зарқын Тайшыбайдың жаңа кітабы

 

“Сыр сандығым – Қызылжар” атты еңбегінде Зарқын Тайшыбай Солтүстік аймақтағы ұлт-азаттық күрес пен 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін қазақ ауылдарының бастан кешірген қайғылы оқиғаларын түгелдей қамтыған. Одан қалды жазушы 20-шы ғасырдың алғашқы ширегінде өлке жұртының өмірінде орын алған бірқатар күрмеулі мәселелерді тұңғыш рет көтерген екен. Автор бұл туындыны 2000 жылдардан бастап жаза бастапты. Осы уақыт аралығында айтарлықтай тың мәліметтер жинақталыпты.

Бұл қаламгердің алғашқы еңбегі емес. Өлкетанушы бұған дейін де қазақ халқының ақын-жазушылары жайындағы монографиялар, журналистика мамандығын таңдаған студенттерге арнап оқулықтар мен оқу құралдарын дайындаған. “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев жарыққа шыққан “Сыр сандығым – Қызылжар” туындысында белгілі кезеңдегі өлке тарихы түгелімен қамтылған дейді. Кез келген адам жинақтан төл шежіремізге қатысты мол ақпарат ала алады.

Зарқын Тайшыбайдың шәкірттері де қаламгердің әр еңбегін назардан тыс қалдырмайды. Журналистика факультетінің 1-курс студенті Байболат Құлтанов ұстазының соңғы жинағын оқып үлгеріпті.

Бүгінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры білгенін болашақ журналистерге жеткізуде.

 

Бақыт Сәдуақасов