Билік

Қызылжар ауданы әкімінің есебі

 

 

Әкімнің бұқара алдындағы есептік кездесуі басталмас бұрын, Петерфельд ауылының тұрғындарымен тілдесіп, Қызылжар ауданы әкімінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы сұрап білдік.

 

– Басты проблемамыз су болып отыр. Жыл сайын шешеміз деп құр уәде беріп келеді.

-Сумен қоса жол мәселесі бар. Әкім әлі жас. Мүмкін бұл мәселелерді шешуге тәжірибесі жетпейтін шығар?

– Бізде кемшіліктер көп. Солардың бірі – жарық мәселесі. Электр қуатынан жиі ажыратады. Мұнда 7 жыл тұрып келемін. Әлі де осы мәселелер шешімін таппай отыр.

 

Ауылда талайдан шешімін күткен мәселелер көп. Аудан басшысының есебі болғандықтан оған тұрғындардың арқалап келген сауалдары да жетерлік. Еркебұлан Кәменов есебін өткен жылы осындай кездесуде көтерілген мәселелерден бастады.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Аудан тұрғындарымен кездесу барысында 228 шағым мен ұсыныс түсті. Оның 61-і бақылауға алынып, бәрі 100 пайыз шешілді.

 

Бүгінгі таңда ауданда 304 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Етті мал шаруашылығын дамытуды қолға алған серіктестіктер 814 бас ірі қара мал сатып алған. Қызылжар ауданында, шағын және орта бизнесті дамыту жақсы жолға қойылыпты. Мұнда бүгінде 327 сауда нысаны тіркелген. Алдағы уақытта ауданда тағы спорттық, демалыс және өндіріс саласындағы 4 нысан ашылмақ.

Ауыз су мәселесі ауданда түбегейлі шешілмеген. 22 елді мекеннің тұрғындары тіршілік көзін тасымалдап ішіп отыр. 4 ауыл жерасты суын асқа жаратуда. Жолардың сапасы да сын көтермейді. Аудан басшысы ағымдағы жылы бірқатар жолдар жөндеу көреді деп сендірді.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Аудандық автожолдарды ағымдық жөндеуге 128 млн теңге “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламсы арқылы берілді. Бұл қаржыға 4 елді мекенге баратын жолдар қалпына келтірілді. Биыл 143 млн теңге бөлінбек. Аталған қаражатқа Шаховское, Асанов, Бескөл, Воскресенов, Боголюбов, Надежка ауылдарының жолдарын жөндеуді көздеп отырмыз.

 

Бүгінгі күні ауданда 8 дәрігер жетіспейді. Әкімнің есебін тыңдағаннан кейін Петерфельд тұрғындары қордаланған мәселелерін ортаға шығарды.

 

Балға Қазанғапов, Петерфельд ауылының тұрғыны:

– Біздің Петерфельд ауылында су бола ма? Екінші сұрағым біздің ауылдық округ үлкен. Өрт сөндіретін машина керек.

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Су мәселесі шешіледі. биыл 7 елді мекенді тіршілік көзімен қамтимыз. Бұл жоспарға осы ауыл да кірген. Күн жылынысымен жұмыстар басталады. Өрт сөндіру көлігіне келсек, қаражат болып жатса, бұл мәселе де шешіледі.

 

Бақыт Мұқанова, Кривозерка ауылының тұрғыны:

-Бізде медициналық пункт жоқ. Фельдшер болғанымен, ауырсақ, оның үйіне барамыз. Кішкентай баласымен бізді қабылдайды. Өте ыңғайсыз.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Денсаулық сақтау департаментінің жаңа басшысына бұл жайында хат жолдадық. Қаражат бөлінсе, медициналық пункт те болады.

 

Есептік кездесуде сондай-ақ, ауыл көшелерін жарықтандыру, дәріхананың жоқтығы да айтылды. Кездесу соңында тұрғындардың кейбірі өз сауалдарына тұшымды жауап ала алмағандарын жеткізді.

 

Еркебұлан Кәменов болса, есіптік кездесуде қойылған сауалдардың барлығы шешіледі деп сендірді. Ол тек уақыт еншісінде. Сондай-ақ басшы биылғы жоспарларымен де бөлісті.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Меніңше есептік кездесу жақсы өтті. Қойылған сұрақтардың барлығы жазылып алынды. Алдағы уақытта шешімін табады. Ал, 2014 жылы мектеп, жол  жөндеу сынды жұмыстарға шамамен 1 млдр теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар есептік кездесуде көшелерді жарықтандыру, сумен қамту, жол жөндеу сынды проблемалар көп көтерілуде. Бұл мәселелерді шешуді бірінші болып қолға аламыз.

 

Еркебұлан Кәменовтің қармағында 19 ауылдық округ бар. Бүгінге дейін аудан әкімі 5 округтың тұрғындарымен кездескен. Алда, Қызылжар ауданының әкімі қалған 14 округке қарайтын елді мекендердің тұрғындарына есеп бермек.

 

Бану Ахметова