Әр түрлі

Өрттердің алдын алуға арналған рейд

 

 

Биыл тіркелген өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында орын алды. Тілсіз жаудың шығуына негізінен тұрмыстық пештердің аязды күндері шамадан тыс жағылуы, үйлердің ескіргендігі және әдеттегідей дұрыс тартылмаған сымдардың қысқа тұйықталуы себеп болып отыр.

 

Тамара Петриенко, Жұмысшы кентінің тұрғыны:

-Пештің алдына қаңылтыр төсеп қойдық, өйткені кейде пеш назарсыз қалғанда отынның не көмірдің шоғы еденге түсіп кетуі мүмкін. Пеш жаққанда көрші-қолаңға бармай, үйде отыруға тырысамын. Күлді үйден, қорадан алшақ жерге төгемін.

 

Үстіміздегі жылы Жұмысшы кентінде өрт шығу фактілері жиі тіркелді. Мысалы, Кошевой, 29 мекен-жайындағы мына үйде жақында апат орын ала жаздады. Абырой болғанда, өрт сөндірушілер лезде жетіп, қызыл жалынды дер кезінде ауыздықтады. Ол кезде үйдің ішінде 61 жастағы қожайыны ғана болған. Ер адам мас күйінде шылым шегіп жатып, мызғып кеткен. Темекіден түскен шоқтан төсек орны бықсып жанады. Аздап иіс тиіп, ауруханаға түскен жапа шегуші артынша, жүрек талмасынан көз жұмды. ТЖБ-сының мамандары аптасына 2 рет тұрғындармен алдын алу шарасын өткізіп, жадынамалар таратқанымен жазатайым оқиғалар азаяр емес.

 

Айдын Ысмағұлов, Петропавл қаласының ТЖБ-нің аға анықтаушысы:

-Үстіміздегі жылы Петропавл аумағында 35 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 4 адам қаза тапты. Оның 2-уі бала. Және 3,5 млн теңге көлемінде материалдық шығын келді.

 

Дүние-мүліктің орны толса да, адамның орны толмас. Сондықтан құтқару қызметі тұрғындарды қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.

 

Берік Қасен