Бүгінгі таңда 12 жылдық білім беруге көшуге байланысты орталықта 125 мұғалім біліктіліктіліктерін арттыруда. Оқытушылар курс барысында өз жұмыстарында тың технологияларды қолданумен қатар, сабақ берудегі жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп жатыр. Өйткені болашақ 12 жылдық мектеп түлектері Еуропалық білім стандартына сәйкес теория мен тәжірибені қатар меңгерген, қоғамға барынша бейімделіп шығуы тиіс. Ал осы міндеттің орындалуы тікелей ұстаздарға қатысты, – дейді “Өрлеу” біліктілікті арттыру институтының жаттықтырушысы Қарашаш Жамантаева.
Қарашаш Жамантаева,”Өрлеу” біліктілікті арттыру институтының деңгейлік бағдарламаларды арттыру орталығының жаттықтырушысы:
-Негізінен бұл бағдарламаның меңгеріп өтетін жүйелік модулі бойынша ең бастысы оқушыларды сындарлы ойлауға үйрету және алған білімдерін кейін үлкен өмірде тиімді пайдалана білу. Сонымен қатар Елбасымыз тағы да бұл жерде кез-келген оқушыны креативті ойлауға, ойларын дамытуға, бағыт беруге бізге міндет қойып отыр.
Жақында өткен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген отырысында 12 жылдық жүйеге көшудің жаңа бағдарламасы қабылданыпты. Оған сәйкес бастауыш және орта буын сыныптарының стандарттары бекітілген. Мектепке дейінгі білім берудегі алғашқы өзгерістер үстіміздегі жылғы қыркүйектің 1-інен-ақ орын алады.
Алма Мұрзалинова, Солтүстік Қазақстан бойынша “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығы филиалының директоры:
–12 жылдық білім беруге көшу бағдарламасы 1 сыныпқа 2015 жылдан бастап енгізіледі. Сондықтан да ол күннің өзі де алыс емес. Қазіргі таңда бастауыш білім берудің стандарты әзірлену үстінде. Қазақстандық мектептер қазіргі заманғы білім талаптарына сай болуы тиіс.
Барлық дамыған елдер 12 жылдық білім беру жүйесіне әлдеқашан көшті. Біздің елімізде 12 жылдық білім беруге көшу жобасы 2020-шы жылға қарай аяқталады деп күтілуде.
Бақыт Сәдуақасов