Билік

Облыс орталығы тұрғындарын жолдар мен тротуарлардың жағдайы алаңдатып отыр

 

 

Мүсірепов, Мир, Абай және Әуезов көшелерінің шеңберіндегі тұрғындардың былтырғы есептік жиында көтерген сұрауларының дені қанағаттандырылған. Атқарылған шаруаға уәж жоқ. Алайда, уақыт күттірмейтін мәселелер бір жылда тағы қордаланып қалыпты. Жиналғандар бұл жолы да бұйымтайларының бір шешімін табатынына үмітті. Әдеттегідей қаламыздың дамуы жөніндегі баяндама оқылған соң шаһар басшысы жәшікке салынған сұрақтарға жауап беруге көшті. Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолдарының тозуы баршасының ортақ бас ауруына айналған көрінеді.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылы тротуарларды жөндеп, аулаларды абаттандыру жұмыстарына 653 млн. теңге ғана бөлінген. Биыл оған бағытталатын қаржы 950 млн. теңгенің үстінде. Сондықтан бұл жағынан біраз шаруа тындырылады. Тым ескіргендері міндетті түрде қалпына келтіріледі.

 

Айта-айта жауыр болған балабақша мәселесі тағы көтерілді. Тек бұл жолғы алаңдаушылық кезек емес. Мектепке дейінгі білім беру мекемесіне кішкентайларын орнықтырған ата-ана бөбекжайға жетудің мұңға айналғаны айтып шағымданды.

 

Әсел Оразова:

-“Көгершін” балабақшасына жете алмаймыз. Жол көлік түгіл, жаяу жүруге жарамайды. Көбіне әйел адамдар қыста оппа қармен, жазда лайға батып өтіп жүрміз. Алақандай ғана аумақ жөнделсе дейміз.

 

Ондағы енді бір мәселе бөбекжайдың маңында тұрғылықты мекен-жайы жоқ жандар жиналуды әдетке айналдырған. Көше қаңғып жүргендердің кесірінен айнала жағымсыз көрініске айналып, иістеніп кетіпті. Облыс орталығының жетекшісі қыс райынан қайтып, жер кебісімен мәселе шешімін табатынын сендірді.

Ал Парковая, 161 мекенжайындағы тұрғын үйдің соңғы қабаттарына таза ауыз су жетпейді екен. 271 пәтерге келетін тіршілік көзінің қысымы тым төмен көрінеді.

 

Сергей Визеров, “Қызылжар-су” ЖШС бас инженері:

– Барлық насос  станцияларын қосамыз. Жуырда біразын жаңғырттық. Олқылық түзетілетін болады. Бұл уақытша ыңғайсыздық.

 

Жиында тұрмыстық және қатты қалдықтарды шығару қызметтінің жұмысы да сын көтермейтіндігі айтылды. Қоқыс жәшіктері жетіспейді дейді тұрғындар. Алайда, шаһар басшысы мәселе тұрғындардың салдыр-салақтығынан бастау алатынын жеткізді.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Былтыр ғана осы аудандардан 14 белгіленбеген қоқыс орнын тазарттық. Бұны жасайтын біріншіден біз бен сіз. Сондықтан, тазалықты алдымен, өзімізден талап ету керек. Тіпті тұрмыстық қалдықтарды терезеден тастай салатындар бар. Қанша алыссақ та қоқыс мәселесі шешілмей қойды. Ұқыптырақ болуымыз керек сияқты.

 

Кезекті есептік жиында тұрғындар көшелерді жарықтандыру мен атауларын қазақшалау керектігін де айтып қалды. Жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің жетіспейтіндігі де қалалықтардың мазасын қашырған. Көтерілген бар мәселе Төлеген Закарияновтың бақылауына алынды.

 

Жеңіс Ермұқанов