Білім

Жаңа оқу-әдістемелік кешен таныстырылды

 

 

Көпшілікке таныстырылып жатқан мына «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешені мектеп жасына дейінгі балалар үшін әзірленген. Жаңа бағыттағы инновациялық тіл үйрету құралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруге арналған. Мәселен, мына постерлерді топтық жұмыстарда қолданады. Онда 60 тақырып қамтылған. Балғындардың 25 минуттың ішінде тақырыпты толығымен ұғыну үшін 10-12 сөзден берілген. «Сиқырлы қалам» арқылы балаларға бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік беріледі. Қаламды плакатқа тигізгенде, суреттерге «жан бітіп», бейнелер экранға көшіп, сөйлеп кетеді. Қаламның сиқырлы сыры да осында.

 

Мынау не?

Мынау ит

 

Жаңа бағдарламаны әзірлеушілер бұл әдістеме балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын дамытуға, танымын, қабілетін арттыруға зор септігін тигізеді дейді. Заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып жасалған кешен алғаш рет Алматы балабақшаларына ұсынылыпты. Шымкент қаласында да бір жыл көлемінде тәжірибе түрінде сыналған.

 

Вячеслав Ким, “Новое решение” білім беру қорының бас директоры, Алматы қаласы:

-Интерактивті кешенмен жаттыққан бала қазақ және ағылшын тілдеріне тән дыбыстардың дұрыс айтылуын, екпінді дұрыс қолдана білуді жеңіл меңгереді. Сөздерді буынға бөлуді, санауды, түстердің реңін атауды, жадына түйген сөздік қоры арқылы түрлі іс-әрекеттерге байланысты қысқа сөйлемдер, шағын әңгімелер құруды үйренеді.

 

Кешен кез-келген теледидарға немесе компьютерге, интерактивті тақталарға қосылады, сол арқылы балаға танымдық, қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсер береді. Балалардың жан дүниесіне жақын, жас ерекшелігіне сай анимациялық, мультипликациялық көріністер олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, есте сақтау қабілетін дамытады. Балалар есту, көру, қайталау арқылы сөздерді дұрыс айтуға жаттығады.

Қазақстанда баламасы жоқ танымал әдістемемен танысуға қала мен ауданнан 60-тан астам балабақша тәрбиешілері мен меңгерушілері келді. Олар бұл әдістемелік кешен таптырмас құрал деп отыр.

 

Гүлжан Рамазанова, “Тамшы” балабақшасының тәрбиешісі, Шал ақын ауданы:

-Бұл оқу-әдістемелік кешен үйретуші тәрбиеші мен оны ұғынатын балалар үшін таптырмас құрал. Балаларды үш тілге үйретудің ең ығайлы жолы. Мысалы, бала аңдардың суретіне қарап, үш тілде оны қалай атауға болатынын, оның қандай дыбыс шығаратынын біле алады. Сонысымен бұл әдістеме маған ұнады.

 

Майра Сибанова Жамбыл ауданы Благовещенка селосынан келген. Ол жетекшілік ететін балабақшада 35 бала тәрбиеленуде. Балғындар аралас екі топта қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеріп жүр. Балабақша ұстаздары әркез жаңаша әдістерті қолданып, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сондықтан, “Сиқырлы қала” бағдарламасы олар үшін жақсы жаңалық.

 

Майра Сибанова, “Гүлдер” балабақшасының меңгерушісі, Жамбыл ауданы:

– Балалар үш тілді жақсы меңгеру үшін бұл “Сиқырлы қалам” әдістемесі қазір бізге өте қажет. Өйткені, балабақшадан кейін 1-сыныпқа барған бала еркін үш тілді бірдеп меңгеріп кете алады. Бұл балаға да, тәрбиешілер мен мұғалімдерге керек. Биыл біздің Жамбыл ауданында жаңа балабақша ашылмақ. Онда да біз осы методиканы ендіріп, кішкентайларға үш тілді үйретпек ойдамыз.

Үстіміздегі жылы аталған білім қорының тағы бір жаңа әдістемесі тыңдарманға жол тартпақ. Ол қазақ тілін енді ғана меңгеріп келе жатқан ересек адамдарға арналған.

 

Берік Қасен