Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметте газ бағасы және азаматтық авиацияны дамыту мәселелері талқыланды

 

Өңірлердегі газ бағасы әр түрлі. Оны бір ретке келтіру тұрғысында 2012 жылы арнайы заң қабылданған болатын. Бірақ оның орындалуы сылбыр. Мәселен Алматы мен Алматы облысын газбен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын газ өндіруші компаниядан оның текше метрін 12500 теңгеден сатып алса, ол тұтынушыға жеткенде 18 пайызға көтеріледі екен.

Осына алға тартқан Серік Ахметов жағдайды бір ізге түсіру керектігін атап көрсетті. Бұл ретте аталмыш ведомство өткен жылдың шілдесінде арнайы жұмыс тобын құрған, олар қазіргі күні бағаға қатысты тың бағдарлама әзірлеп жатқан көрінеді. Ол 1 мамырда қолданысқа енгізілмек. Оған дейінгі жағдай жауапты тұлғалардың қатаң бақылауында болуы керектігін ескертті Премьер-министр. Жиында қаралған екінші мәселе отандық азаматтық авиация саласына қатысты. Өткен жылы еліміздегі әуе компаниялары 10 миллионнан астам адамға қызмет көрсеткен. Одан түскен табыс 320 миллиард теңгені құрайды. Бұл аз қаржы емес, десе де бірінші кезекте қауіпсіздік шараларын естен шығармаған жөн.

Мәселен былтыр елеміздегі 60 әуе компаниясының 8-і лицензияларынан айрылыпты. Оған азаматтық авиация заңнамасының толық сақталмауы негіз болды деп атап көрсетті өз хабарламасында көлік және коммуникация министрі. Тасымалмен айналысатын компаниялар қарамағындағы техникалардың сенімділігіне назар аударса, әуежай басшылары ұшу алаңдарының жағдайын бақылауда ұстаулары тиіс. Бұл ретте осы жылы еліміз бойынша 15 аэродром күрделі жөндеуден өткізілмек. Олардың қатарында біздің әуежай да бар.

Қазір олардың жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр деп атап көрсетті Асқар Жұмағалиев. Селекторлық кеңес барысында сөз алған “Эир Астана” мен “Скат” әуе компанияларының президенттері өздеріндегі жағдайды баян етті. Қос компанияның бүгінгі жағдайы халықаралық стандарттарға сай. Дегенмен қауіпсіздік шараларын бірінші орынға қою керек деп түйді өз ойын жиынды қорытындылаған Серік Ахметов. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған сауалдар жергілікті жерде жалғасын тапты. Өткен жылы өңір халқының тұтынған газы 20,7 мың тонна. Бүгінде облыс орталығын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отырған негізгі серіктестіктердің бірі -“Горгаз сервис”.

 

Юрий Шишкин, «Горгаз-сервис» ЖШС директоры:

Бізге қыстың күні пропан газы керек. Себебі ол қатпайды. Өнімді жеткізуді “Ақтөбемұнайгаз” акционерлдік қоғамы мойнына алған болатын, алайда олар қараша мен желтоқсан айларында міндеттерін орындамады. Жағдайды қазір “Теңізшевройл” серіктестігі арқылы шешудеміз. Газ тапшылығы жоқ.

 

Күн тәртібінен Петропавл халықаралық әуежайының жұмысы да назарсыз қалмады. Оған “Скат” әуе компаниясы қазір айына 36 рет қатынайды. Жоспар бойынша ол 58 болуы тиіс. Кәсіпорын басшылығы рейстер саны наурыз айынан бастап артатындығын атап көрсетті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Биылғы жылы әуежайға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Жобалық-сметалық құжаттарды тездетіп аяқтап, наурыздың басына дейін экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жіберуіміз қажет. Олар сол бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қарастыратын болады.

 

Азаматтық авиацияны дамыту тұрғысында осы жылы Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде ұшақ қондыратын алаң салу жоспарланған болатын. Оған республикалық бюджет есебінен қаражат бөлінбек. Осыны атап көрсеткен облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды тағы бір мәрте пысықтау керектігін тапсырды жауапты тұлғаларға.

 

Самат Есмағи