Спорт

Олимпиадаға қатысушыларды қолдау акциясы

 

Қысқы спорт түрлерінен 4 жылда бір өткізіліп тұратын дүниежүзілік сайыстың жалауы бұл жолы Сочи қаласында көтерілмек. Ақ олимпиадада Қазақстанның намысын қорғайтын ұлттық құрама сапы бүгінде толығымен бекітілді. Сайдың тасындай іріктелген спортшылардың арасында теріскейлік конькишілер Дмитрий Бабенко мен Роман Креч та бар. Қазір ұлттық құрамаға қолдау көрсету тұрғысында еліміздің жер-жерінде “Бірге жеңіске” акциясы ұйымдастырылуда. Осындай шараға жиылған солтүстікқазастандықтарды облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

Дені саудың тәні сау. Осыны атап көрсеткен Ұлт көшбасшысы бұқараның 30 пайызын спортқа тартуды міндеттеген болатын. Бұл тапсырма біздің өңірімізде сәтті жүзеге асырылуда. Оған облысымызда үздіксіз жұмыс істеп тұрған 2 мыңнан астам спорттық нысандар дәлел бола алады. Қазіргі күні еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін спортпен шұғылдануда.

 

Виктор Бондаренко, спорт ардагері:

Ұлт көшбасшысы еліміздегі спорттың дамуына барынша жағдай жасауда. Оны спортшылар жақсы түсінеді, әрі артылған сенімді абыроймен атқаруда. Лондон олимпиадасындағы ел құрамасының қол жеткізген жетістіктері соған дәлел болады. Бұл жолғы додадан да ел құрамасы олжалы оралады. Біз мықтымыз.

 

Ұлттық құрамаға қолдау көрсету акциясына жиылғандарды конькимен жүгіруден спорт шебері Татьяна Сакирко да құттықтап, әр солтүстікқазақстандықты отандық спортшыларға жанкүйер болуға шақырды.

 

Татьяна Сакирко, ҚР конькимен жүгіруден спорт шебері:

-Олимпиадада өнер көрсетіп, ел намысын қорғайтын ұлт құрамасы сапында құрбы-құрдас, дос-жарандарым көп. Олар өз шеберліктерін толығымен пайдаланып, жеңіс тұғырынан көрінетіндеріне сенімім мол. Сіздер де оған сеніңіздер және спортшыларды қолдаңыздар.

 

Бұдан соң акцияға жиылғандар алдынан облыс орталығының шаңғышылар мен хоккейшілері 22 қысқы олимпиаданың жалауын алып өтті.

Жергілікті көркемөнерпаздар болса, әуелеген әндерімен “Бірге жеңіске” атты спортшыларға қолдау көрсету акциясының шырайын аша түсті.

 

Самат Есмағи