Әр түрлі

Мемлекеттік қызметшілерге – дін туралы

 

 

“Дін бостандығының халықаралық стандарттары және олардың Қазақстанда жүзеге асуы” аталған семинар-тренингті елордадан келген “Астана Центр Консалтинг” және “Ареал” қоғамдық қорларының өкілдері ұйымдастырған. Лекцияны тыңдауға өңіріміздің 40 мемлекеттік қызметшісі жиналды. Қазақстан зайырлы және көпұлтты мемлекет. Елімізде дінді таңдауда шектеу қойылмаған. Дегенмен дінді теріс уағыздайтын секталар да баршылық. Олардың жетегінде кетпеудің жолдарын қоғамдық қор өкілдері түсіндіруде.

 

Айман Рустембекова, “Ареал” ҚҚ басшысы, Астана қаласы:

– Бұл жобаны Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі қаржыландырады. Жалпы, жоба қолға алынғалы бері еліміздің көп қалаларында семинар-тренингтер өткізілді. Біздің курстарға мемлекеттік қызметшілер мен белсенді жастар жазылады. Алдағы уақытта дінтану пәнінің мұғалімдерімен осындай лекцияны жүргізсек деген ойдамыз.

 

Сонымен қатар дәрісте 2011 жылы 11 қазандағы “Діни қызмет және діни бірлестіктер” туралы ҚР заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы да айтылды.

 

Айман Рустембекова, “Ареал” ҚҚ басшысы, Астана қаласы:

– Бүгінде дін тақырыбы өзекті болып отыр. Сондықтан біздің лекцияны тыңдаушылар курс соңында анкета толтырады. Онда дін туралы заңға қатысты өз ойларын білдіре алады. Өйткені, бұл заң заман талабына сай өзгеріп, толықтырылып келеді.

 

Бүгінгі семинар-тренинг диалог түрінде ұйымдастырылды. Сондықтан тыңдаушылар өз ойлары мен ұсыныстарын білдіре алды. Жалпы, лекцияны 40 мемлекеттік қызметші тыңдады. Курсқа қатысушылар арнайы сертификатқа ие болады.

 

Татьяна Лебедева, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру аймақтық орталығының директоры:

– Біз үшін бұл күн ерекше. Ерекше дейтінім – мемлекеттік қызметшілердің қайта оқыту курстарында алғаш рет дін тақырыбында лекция оқылуда. Тақырып өзекті.

 

“Дін бостандығының халықаралық стандарттары және олардың Қазақстанда жүзеге асуы” жобасы елімізде 2 жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Ал, біздің өңірімізде бұл тақырыптағы семинар-тренинг алғаш рет ұйымдастырылды. Қазақстан бойынша 3- 6 сағатты қамтитын бұндай курсты 700 мемлекеттік қызметші меңгерген.

 

Бану Ахметова