Билік

Аққайың ауданы әкімінің есебі

 

Былтыр 85 жылдығын тойлаған Аққайың ауданы экономикасының әр саласында өсім байқалады. Әсіресе жер емген ауылдықтардың негізгі табыс көзі – ауыл шаруашылығы дамудың даңғыл жолына түскен. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Десе де есептік кездесуге жиылған ауыл тұрғындарының құлағына мына жаңалық ерекше майдай жақты.

 

Қайрат Қасенов, Аққайың ауданының әкімі:

– 2014 жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында 7 елді мекенге су желісін тартуға 604,8 млн. теңге бөлінді. Осының арқасында биыл Ленин, Черкасское, Рублевка, Трудовое, Астраханка, Аралағаш, Ивановка ауылдарына су таратқыш магистральдік құбыр төселе бастайды.

 

Ивановка селосының тұрғындары судың да сұрауы бар екендігін жақсы біледі. Сапалы тіршілік көзіне аса зәру ауыл шағын емес. Мұнда мыңға тарта адам 292 үйдің түтінін түтететіп отыр.

Көпке шыдаған ауылдықтарға сәл-ақ күту қалды. Жобалық-сметалық құжат дайын. Маңызды шаруаға биыл жер кебісімен кірісу жоспарланыпты. Айта-айта жауыр болған енді бір мәселе – ауылдықтарды байланыстыратын күре жолдардың жағдайы.

 

Қайрат Қасенов, Аққайың ауданының әкімі:

– СҚО әкімі Самат Ескендіровтің бастауымен облыс бюджетінен жолдарды қалпына келтіруге 106,5 млн. теңге бөлінді. Бұл аудан тұрғындарының 40 пайызы шоғырланған Қиялы, Власовка, Шағалалы ауылдарына баратын жолдарды жөндеуге жұмсалады. Аудан орталығы мен Ивановка аралығындағы қатынау жақсарады. 20 мың шаршы метр жерде жөндеу жүргізіледі. Тас жолдың әбден бұзылған аумақтарын жөндеуге қаржы жетеді.

 

Мұндағы әлеумет әл-ауқатын жақсарту қамында өзге елді мекендерге қоныс аударуды әдетке айналдырған. Жастар кіндік қаны тамған туған жерлеріне қайтып оралмайды екен. Тіпті мектеп оқушылары да өзге ауылдарда оқығанды құп санайтын көрінеді.

 

Светлана Шаповалова, Ивановка орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы, Аққайың ауданы:

– Былтырғы есептік кездесуде мектепке «Газель» автокөлігі бөлінеді деп сендірген болатын. Бұл мәселе күні бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Есесіне үлкен мектепте тек 85 оқушы ғана қалды. Оқуда, спортта дарындылары бар. Ал олардың түрлі жарыстар мен байқауларға шығып, білімдерін шыңдау мүмкіндігі жоқ. Ата-аналар қосылып, автобус жалдауға мәжбүрміз. Бұны бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді.

Қайрат Қасенов бұл сұрауды қанағаттандыру үшін бар амалдар қарастыратынын жеткізді.

 

Қайрат Қасенов, Аққайың ауданының әкімі:

– Әр мектепте «Газель» автокөлігінің болуы шарт. Шамамен ондай көлік алуға 2,5 млн. теңге қажет. Біз депутаттармен келісіп, аудандық қазынаға толықтырулар енгізетін боламыз. Сондай отырыстардың бірінде мәселені шешуге тырысамыз.

 

Ауылда фельдшерлік-амбулаториялық пункт жұмыс істейді. Бірақ медициналық мекеменің қызметіне көңілдері толыңқырамайтындар бар.

 

Светлана Гуня, зейнеткер:

– Өзіміздің пунктте жалпы медициналық тексерістерге сараптама жасалмайды. Ол үшін аудандық орталық ауруханаға баруымыз керек.

Құмар Күсемісов, Аққайың аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Медициналық тексерістен өткенде жалпы анализдер осында тапсырылады. Алайда қанды тексеруге келгенде мұнда мүмкіндік жоқ. Ол үшін арнайы жабдықтар мен қолайлы температура қажет. Өйтпесе сараптама нәтижесі нақты болмайды.

 

Күннің екінші жартысында Аққайың ауданының әкімі Полтавское селолық округінің тұрғындарымен кездесті. Бұнда да халықтың негізінен медициналық қызметтің көрсетілуіне деген өкпе-реніштері бар болып шықты. Тегін таратылатын дәрі-дәрмектер кешіктіріліп беріледі екен.

 

Құмар Күсемісов,Аққайың аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Дәрілерді жеткізуде біраз қиыншылықтар болды. Оларды тасымалдаумен айналысушы кәсіпкермен ісіне немқұрайлы қарағаны үшін келісім жойылды. Бүгінде дәрі-дәрмектердің қажетті қоры келіп түсті.

 

Полтавка ауылы тұрғындарының денсаулықтарына алаңдайтын негіз бар. Ауру сұрап келмейді. Тіпті ақылы дәрі-дәрмектердің өзін іздеп жүріп таба алмайсың дейді мұндағылар. Бар гәп дәріхананың жоқтығында.

Аудан жетекшісі бұл мәселені жіті бақылауына алатынын айтып сендірді.

 

Қайрат Қасенов, Аққайың ауданының әкімі:

Бұл іс лицензиясыз жүргізілмейді. Өте жауапты шаруа. Дәрі-дәрмек саудасына қойылатын талаптар күшті. Сондықтан онымен айналысуға ниет танытатындар шамалы. Мен әлеуметтік дәріхана ашуға тапсырма беремін. Барлық амалдарын қарастырамыз.

 

Аталмыш округте де жол мәселесі тым өзекті болып тұр.

Жалпы биыл бұл округтегі әбден тозған жолдарды қалпына келтіруге 100 млн. теңгеден артық қаржы бағытталмақ. Сондай-ақ Қайрат Қасенов Полтавское ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтетінін айтып тағы бір қуантты. Жабылып қалған «Қазпошта» қызметі де қайта жанданбақ.

Былтырғы аудан әкімінің кездесуінде тұрғындар 158 күрмеулі мәселені көтеріпті. Барлығының дерлік күрмеуі босап, шешімі табылған. Биыл да аққайыңдықтар осыдан үмітті.

 

Жеңіс Ермұқанов