Білім

№26 мектепте тіл үйретудің жаңа әдістері енгізілуде

 

 

Виктория Говорухинаның әр таңы осылай балаларға мемлекеттік тілде сабақ беруден басталады. Бүгін мына балғындар қазақ тілінде түрлі пішіндердің қалай айтылатынын және қандай түспен боялғанын айтуда. Бұл олардың қазақ тілі сабағында алған білімдерін әрі қарай математикада кеңейте түсуге пайдасын тигізбек. Жалпы тың әдістерді қолданудың арқасында қазір мұндағы балғындардың қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығы артқан.

 

Виктория Говорухина, №26 мектеп-балабақшаның қазақ тілі пәні мұғалімі:

– Мен өз сабақтарымда Воскобович, Монтессори әдістерін қолданамын. Интерактивті тақтаның көмегімен жаңа сабақтарды білуге тырысамыз. Мен балаларды мемлекеттік тілде оқытып жүргеніме қуаныштымын. Бізде дүниетану және математика пәндері екі тілде өткізіледі. Сондықтан, балалар терең білім алып, мемлекеттік тілді қоса меңгереді.

 

Өткен аптада Виктория Говорухина Астанада өткен білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген отырысына қатысып қайтқан. Онда білім саласының өкілдері Елбасының биылғы жолдауын талқылап, алда тұрған негізгі міндеттерді айқындаған. Сондай-ақ, жиында қазіргі оқыту әдістемесі сөз болған. Оның ішінде жаңа әдістемелік оқулықтармен қамту, заманауи технологияларды пайдалану және үштілділікті дамыту жайы қаралыпты. Бүгінде №26 мектеп- балабақша билингвалды білім беру жүйесі бойынша жұмыс істеуде.

 

Балдырған Жүкенова, №26 мектеп-балабақшаның тәрбиеші-әдіскері:

-Біздің балабақшамыз Н.Ә.Назарбаетың жолдауында айтылған барлық талаптарға сай жұмыс істейді. Біздің балабақшада билингвалдық білім беру жүйесі ендірілген. Онда орыс тобының балалары қазақ тілінде, ал қазақ тобының балалары орыс тілінде дәріс алады.

Жалпы бүгіндері балабақшада 125 балғын тәрбиеленуде.

 

Мағжан Ахмадина