Құқық қорғау органдары

Сот шешімін орындамағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

 

 

Қылмыстық істер бойынша сот шешімдерінің негізгі бөлігі орындалады. Ал азаматтық істер туралы бұлай айту артық. Себебі әкімшілік заңбұзушылықтар бойынша шығарылған сот шешімдері көп жағдайда орындалмай жатады. Заңға енгізілген өзгерістер ортақ ережеден жалтарып кетемін деушілерге тосқауыл қояды. Енді сот шешімін орындамаған жеке тұлғалар 3-тен 10 АЕК, ал лауазымды тұлғалар 10-нан 20 АЕК көлемінде айыппұл төлемек.

 

Анар Қарабалинова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің бөлім басшысы:

-Жаңа заңға сай борышкерлер өз еркімен сот актісін орындау деген ұғымнан айырылған. Енді орындауға берілген әр іс мәжбүрлі өндіруге жатады. Өндіріс аяқталған соң оған тағы 10 пайыздық санкция өтемі қосылады.

 

Егер бұрындары сот орындаушылары алимент төлемейтіндерді іздеп табан тоздыратын болса, енді борышкерлер үшін заң талаптары күшейтілді. Өз міндеттерін орындаудан қашқақтап жүрген көкек әкелер мен аналар 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Қарлығаш Абаева, СҚО сот актілерін орындау департаментінің бөлім басшысы:

– Атқарушылық құжатты орындамағандар заңға сай 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал борышкердің берешек сомасы 10 мың АЕК жоғары болса, ол 7 жылға темір торға тоғытылуы мүмкін.

 

Жалпы өзгерістер ҚР-нің 19 заңнама актісі мен 6 кодексіне енгізілді.

 

Мағжан Ахмадина