Қоғам

“Каспиан контракторс траст” ЖШС жұмысшылары екі айдан бері жалақысыз жүр

 

«Еңбек етсең емерсің» дейді. Алайда “Каспиан контракторс траст” ЖШС филиалының жұмысшылары бұл пікірмен келіспек емес. Өйткені олар 2 айдан бері заңды жалақыларын ала алмай жүр. Маңдай терімен тапқан ақшаларынан қағылған жұмысшылар бүгін СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына келіпті.

 

Николай Шишко, “Caspian contractors trust” ЖШС машинисі:

Бұрындары еш қиындық туындамайтын. Уақытылы төлеп жүрді. Өткен жылы 25-ші желтоқсанда бізге қаңтардың 13-не дейін ақысыз демалысқа шығу туралы арыз жазыңдар деді. Барлығы жазып жатқасын біз де еш ойланбастан, өз еркімізбен жазып жібердік. Енді міне желтоқсан айының жалақысынан қағылып отырмыз.

 

Кәсіпорын су құбырларын тартумен айналысады. Бастапқыда серіктестікте орын алған жағдайды түсіндіруден қашқақтаған “Каспиан контракторс траст” директоры кейін бізге былай деп түсіндірді.

 

Серік Шарипов, “Caspian contractors trust” ЖШС директоры:

– Бұрын біздің тапсырыс берушіміз қоршаған ортаны қорғау министрлігі болатын. Енді қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігіне бағынатын болдық. Сондықтан қажетті құжаттарды алмастырып жатыр. Сол себепті де қаржыландыру әлі болған жоқ. Ол шаруалар осы аптаның аяғына дейін тиянақталуы тиіс. Кейін қаржы да аударылады.

 

Бүгінде көмек сұраған жұмысшылардың баршасының отбасы бар. Бала-шағаны тамақтандыру керек. Көпшілігі орын алған жағдайдың кесірінен несиелерін төлей алмай жүр.

 

Марат Әбілов, “Caspian contractors trust” ЖШС манипулятор жүргізушісі:

Кредит төлеу керек, ақша жоқ. Желтоқсанның жалақысын қаңтарда алуымыз керек қой. Барлығының отбасы бар. Қалай күн көреді.

 

Жұмысшылардың арызын еңбек инспекциясы қабылдады. Қазір мұндағылар тиісті шаралар қолданамыз деп отыр.

 

Арман Жәлелов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

Мен бүгін аталмыш кәсіпорын директорымен сөйлестім. Рас, жұмыскерлер алдында борыш бар. Фирманың бас кеңсесі Алматыда орналасқан. Сондықтан мұнда не іс жүргізуші, не есепшілері жоқ. Еңбекақылары карточкаға түседі. Біз бұл мәселе жайлы барлық құжаттарды Алматыға жібереміз. Солар бір шешімін қарастырады.

 

Табаны күректей екі ай бойы көк тиын көрмей, қарызға батқан жұмысшылардың жағдайы мәз емес. Дегенмен, мәселеміз шешілер деп үміттеніп отыр.

 

Мағжан Ахмадина