Әр түрлі

Петропавлдың электрондық картасы жасалды

 

Петропавлдың қалақұрылысы кадастрын құру жобасы осыған дейін облыстық әкімдік отырысында талқыланған болатын. Бүгінде қолға алынған жұмыстың бір парасы тындырылыпты. Соның бірі – облыс орталығындағы барлық нысандар мен инженерлік желілер түсірілген электрондық карта. Оны өткен жылдың соңында елордалық «Надир» компаниясы жасап шығарған.

 

Андрей Четверня, «Надир» ЖШС директоры, Астана қаласы:

– Оған қала аумағында тұрғызылған барлық нысандар, сондай-ақ алда салынатын ғимараттардың барлығы енгізілді. Яғни шаһардың бас жоспары толықтай қамтылды. Электрондық ақпараттық база архитектура мен қала құрылысы ведомстволарына құрылысқа қажетті жер бөлу немесе нысандарға күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім шығарған уақытта таптырмас көмекші болары сөзсіз.

 

«Надир» серіктестігінің қала құрылысы кадастрларын жасаумен айналысқанына 8 жыл. Бұл салада еліміздегі көшбасшы компаниялар қатарында. Осы аралықта олар Алматы мен Қарағанды облыстары, Орал мен Көкшетау қалаларының ақпараттық жүйесін жасап шыққан. Бізде аталмыш серіктестік шаһар картасына қоса, жер кадастрын да қолжетімді етуді көздеп отыр. Яғни ол да электронды түрде болмақ.

 

Андрей Четверня, «Надир» ЖШС директоры, Астана қаласы:

Жерасты инженерлік коммуникацияларына қатысты барлық материлдармен танысып шықтық. Сол бойынша қазір орталықтандырылған ақпараттық жүйе әзірлеудеміз. Жер телімдеріне қатысты электрондық карта тек архитектура мен қала құрылысы бөлімдеріне ғана емес, жер телімдеріне қатысты салықтарды есептеу үшін салық басқармасына да пайдалы болмақ.

 

Қолға алынған жұмыстар толығымен аяқталысымен қала құрылысы және жер кадастрының электрондық картасы қалалық әкімдік сайтына енгізілмек. Оның қандай да бір құрылыс жүргізу барысында кез-келген тұрғынға пайдалы болары сөзсіз.

 

Самат Есмағи