Александр мен Светлана Бабенко ұлдары Дмитрийді мақтан тұтады. Ол үстіміздегі аптада бастау алатын Сочи олимпиадасына қатысуға жолдама алғандардың бірі. 8 жасар баласының спортқа деген ынтасын аңғарған әкесі оны көп ойланбастан, коньки үйірмесіне беріпті. Сол кезден-ақ талабы мол жеткіншек жаттықтырушы Николай Зуборев пен Александр Суровяткиннің назарына ілігіп, алғашқы асуларын бағындыра бастапты. Әрине спорттағы алғашқы қадамдарында жеңіс пен жеңіліс қатар жүрсе керек.
Александр Бабенко, Д. Бабенконың әкесі:
-Біздің ұлымыз 1993 жылдан бастап коньки спортымен айналыса бастады. Ол кезде қаладағы “Энергия” стадионында тек жеңіл атлетика мен коньки үйірмесі ғана жұмыс істеп тұрды. 2 жылдан кейін Омбы қаласындағы жарысқа қатысты. Сол жарыс баламның алғашқы жеңісі еді. Жарысқа төрелік еткен әділқазылар Петропавлдан келген Дмитрийдің дайындығына тәнті болған еді.
Жерлес конькишінің бастапқы ірі жетістіктерінің бірі – Қазақстанда өткен Азияда ойындарында топ жаруы. Одан кейін Дмитрий халықаралық жарыстарға шығып, көпшілікке таныла бастапты. Әр жылдардағы әлем кубоктары, Жапонияда өткен Азия чемпионаты, Ванкувердегі қысқы олимпиадада бағын сынаған конькиші жақында Ванкувер қаласында өткен жарыста мәре сызығын бірінші болып қиып, жүлделі орыннан көрініпті. Анасы бауыр еті баласының Сочи олимпиадасында да топ жаратындығына күмән келтірмейді.
Светлана Бабенко, Д. Бабенконың анасы:
-Ұлымның ел намысын Сочидегі олимпиадада қорғайтындығына қуаныштымын. Ол жеңімпаздар қатарынан көрінетіндігі даусыз. Барша қазақстандық спортшыларға олимпиада ойындарында сәттілік тілеймін.
Сочиде ХХІІ қысқы олимпиада ойындары ақпанның 7-інде бастау алады.
Бақыт Сәдуақасов