Спорт

Бұқаралық спорт қалай дамуда

 

“Қызылжар су” серіктестігінде бүгінде жұмысшылардың 30 пайызы, яғни 200 қызметкер тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Әрбіреуі жұмыстан кейін қалып, футбол, зіл темір көтеру, шахмат  секцияларына қатысады. Спорт жабдықтары: доп, үстел теннисі, зіл темір кәсіпорын қаржысына алынады. Мұнымен қоса, жұмысшыларды барынша спортқа тарту үшін түрлі жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 

Рүстем Садық, “Қызылжар су” ЖШС сумен қамту кешенінің инженері:

-Сағат 6-дан 11-ге дейін өзіміз келіп осы спорт залда шынығамыз. Осында волейбол, футбол ойнаймыз. Үстел теннисіміз бар. Осындай секцияларды әрқашан ұйымдастырып тұру керек. Қаламызда осындай спорт залдары мен секциялар көбейсе екен деймін.

 

Мұндай спорт залдары облыс орталығында “Қызылжар су” серіктестігінен басқа тағы 5 кәсіпорында бар. Олардың басшылары да жұмысшыларының денсаулығына жіті мән беріп, қалалық спартакиаданы есептемегенде, өз араларында жиі жарыстар ұйымдастырып тұрады. нБұндай кәсіпорындағы жұмысқа орналасқанан кейін спортпен шұғылдана бастаған жерлестеріміз аз емес.

 

Руслан Бачаев, “Севказэнерго” АҚ инженер-энергетигі:

-Мен инженер міндетін 2010 жылдан атқарып жүрмін. Содан бері спортқа құлшынысым күн санап артып келеді. Түрлі жекеменшік, қалалық жарыстарға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындардан көрініп жүрміз. Сонымен қатар, өз арамызда осы спорттың арқасында достық, жақсы әріптестік қарым-қатынас орнаған.

 

Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімі аталмыш кәсіпорын басшыларымен келісіп, еңбек адамын жаппай спортқа тарту үшін жұмысшыларға елеулі қолдау көрсетіп жүр.

 

Валерий Евдокименко, Петропавл қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

-Мен ең алдымен «СевКазЭнерго», ауыр машина жасау зауыты, Оңтүстік-Орал темір жолының бөлімшесі және «Зиксто» кәсіпорындарының басшыларына ризамын. Өйткені, олар дәстүрлі спартакиадаға белсенді қатысады. Десек те, салауатты өмір салтын ұстанбай жүрген еңбек ұжымдары қаншама. Сондықтан, биыл біз Киров зауыты, «Қазақтелеком», «Мұнаймаш» кәсіпорындарының басшыларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сәтін салса, олар да біздің қатарымызға қосылып, үстіміздегі жылы өтетін спартакиадаға қатысады деген ойдамыз.

 

Соңғы 15 жылда қаламызда өңір кәсіпорындары арасында “Денсаулық” спартакиадасы өтіп тұрады. Өткен жылы дәстүрлі жарысқа спорттың 13 түрі бойынша 700-ден астам адам қатысқан. Оған түрлі мекеме жұмысшылары жанұяларын да тартуда. Бұл әлбетте отандастарымыздың денсаулығын нығайтуға жасалған маңызды қадам.

 

Берік Қасен