Билік

Юбилейный ауылдық округі әкімінің есебі

Юбилейный ауылдық округі әкімінің есебіне жиналған халық игі іске куә болды. “Азамат” шаруа қожалығы Октябрь орта мектебіне спорт жабдықтарын табыс етті. Коньки, шаңғы, былғары қолғап, үстел теннисінің ракеткалары, футбол добы барлығы жарты млн теңгеге алынған. Енді, білім ошағының оқушылары спортпен еш кедергісіз айналыса алады. Осындай сыйлық жасаған қожалықтың басшысына ата-аналар мен мектеп директоры және Юбилейный селолық округінің әкімі алғыстарын білдірді.

Бұдан соң, Юбилейный ауылдық округінің әкімі Серік Балахметов тұрғындарға есеп беріп, елді мекенде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Былтыр округте 105,5 тонна ет, 326,1 тонна сүт өндіріліпті. Ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлер 71 ірі қара мал алыпты.

 

Серік Балахметов, Юбилейный селолық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

– Округ аумағында 39 шаруашылық бар. Былтыр астық шығымдылығы гектар басынан 9,3 центнерді құрады. Ауылшаруашылығына 34,650 млн теңгенің техникасы алынды.

 

Ұзынжар, Крещенка селоларында көшелер жарықтандырылған. Бірақ, ауылдық округте ауыз су мәселесі өзекті болып отыр. Өйткені ауылдық округ орталық су тарату жүйесіне қосылмаған. Сондықтан тұрғындар тіршілік көзін құдық пен топтық су құбырларынан алады. Қыс уағында көшелер қардан үнемі аршылып отырады. Ал жаз айларында Белоградовка селосына дейінгі жолға қиыршық тас төселіпті. Тельман ауылының жолдары да тегістелген. Екі қолға бір күрек іздеген азаматтардың 91-і жұмыспен қамтылыпты. Одан бөлек, “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша 4 жас маман келіпті. Бүгінде ауылдық округте 1627 адам тұрады. Олардың 633-і ұзынжарлықтар. Осы ауылда медбике болып істейтін Қаламқас Табеева үкімет тарапынан тұрғындарға барынша көмек көрсетіліп келетінін айтады.

 

Қаламқас Табеева, Октябрь дәрігерлік амбулаториясының медбекесі:

– Көп жақсылықтар жасалып жатыр. Өте ризамыз. Ауданымыз көп өзгерді. Ауырып жатқандарға тегін дәрі-дәрмек берілуде.

 

Дегенмен, елді мекеннің демографиялық ахуалы көңіл көншітерлік емес. Өйткені былтыр 17 сәби дүниеге келсе, адам өлімінің саны 21-ді құраған. Ауылдық округтегі жағдайды баяндаған соң, әкім жиналған бұқараның сұрақтарына жауап берді.

 

Фаина Горбунова, зейнеткер:

– Біз сияқты зейнеткерлерге әлеуметтік қызметкер керек. Егер табылып жатса, ақшасын өз қалтамнан төлеймін. Өйткені үй шаруашылығына жалғыз өзімнің күшім жетер емес. Осы бағытта қандай да бір көмек бола ма?

 

Серік Балахметов, Юбилейный селолық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

– Бізде бір ғана әлеуметтік жұмысшы бар. Ол тек бес адамға қызмет көрсете алады. Қосымша тағы бір әлеуметтік қызметкер болмайды. Сондықтан мен Сіздің сұрағыңызға жауап беруге қиналып отырмын.

 

Кездесуде дәріхананың жоқтығы, азық-түлік бағасының жоғарылауы туралы айтылды. Аталған мәселелердің алдағы уақытта шешілетініне тұрғындардың күмәні бар. Десек те ол уақыт еншісінде.

 

Бану Ахметова