Құқық қорғау органдары

Солтүстікқазақстандық прокурорлар өткен жылды қорытындылады

 

Облыс прокурорлары өткен жылы әлеуметтік- экономикалық салада 1300-ден астам тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 24 мыңнан асып жығылатын заңбұзушылықтар анықталған. Аталған фактілер бойынша 25 мың тұлға жауапкершілікке тартылып, 28 қылмыстық іс қозғалды. Қадағалаушы орган қызметкерлері мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысында кеткен олқылықтарды да анықтаған. Кәмелетке толмағандардың, кәсіпкерлер мен қызметкерлердің еңбек құқықтарын бұзу фактілері бойынша да бірқатар кемшіліктер тіркелген.

 

Арман Нұртазин, облыстық прокуратураның 1-ші басқарма басшысы:

-Прокуратура қызметкерлері азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша бірқатар жұмыстар  атқарды. Қабылданған шаралардың арқасында еңбекақы берешегі 13,6 млн теңгеге азайды. 9604 еңбек адамының 513 млн теңгеден астам еңбек жалақысы бойынша қарыз өндіріліп алынды. 5 қылмыстық іс қозғалып, 128 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 338 тұлға еңбек шартынсыз жұмыс атқарып келген.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 58 тұлға жауапкершілікке тартылыпты. Жер заңнамасын сақтау талаптары да құзырлы органның үнемі бақылауында. 2013 жылы кадастрлық құны 106 млн теңге болатын 2 мың га жер телімі мемлекетке қайтарылды. Облыстық прокуратура өкілдері ұйымдастырған жиын барысында журналистер өздерін мазалаған сауалдарды да қоя алды. Солардың бірі – желтоқсан айында қаламызда орын алған кісі өліміне қатысты. Қаржы полицейі Жандос Ахметовтың өліміне қатысты деректер бар ма? қандай шаралар қолға алынды, істі тексеру жұмыстары қалай жүргізілуде деген сауал БАҚ өкілдерін мазалаған болатын

 

Степан Зайтлер,облыс прокуроры:

– Қазіргі күні жұмыстар жүргізіліп жатыр. 20 күн ішінде кінәлі адамдардың есімін жариялаймыз. Оқиғаның ақ-қарасы толығымен анықталғанша, қандай да бір ақпарат айту қиын.

 

Жиында журналистер тарапынан саяжай қауымдастықтарының жұмысына қатысты сауал да жолданды. Петропавлда 136 саяжай серіктестігі бар. Солардың 3-і ғана әділет органдарында тіркеліпті. Тағы 115-і суды Есіл өзенінен және маңайдағы су қорларынан рұқсатсыз пайдаланып келеді.

 

Арман Нұртазин,облыстық прокуратураның 1-ші басқарма басшысы:

-Саяжай серіктестіктерінің дамуына қатысты Үкімет қаулысы бар. Онда жергілікті билік өкілдері 2010-12 жылдар аралығында тексеру жұмыстарын жүргізу керек делінген. Олар қанша жер пайдаланылып, қаншасы бос жатқанын анықтауы тиіс. Біз қазір сол сауалды әкімдік алдына қойып отырмыз.

 

Жиын соңында қадағалаушы орган өкілдері БАҚ қызметкерлерімен жұмысты одан әрі жүйелі түрде жалғастырамыз деп сендірді.

 

Мағжан Ахмадина