Білім

Оқушылар аязды күндері үйлерінде отыруға мәжбүр

 

Мұрат Айтхожин атындағы № 1-ші қалалық жалпы білім беретін мектепте екі ауысым бойынша бүгінде мыңнан  аса бала білім алады. Олардың кейбіреуі қала орталығынан алыс тұрады. Жұмысшы кенті, Береке ықшам ауданы мен Былғары зауыты кентінен келіп оқитындар бар. Кейде ата-аналар қыстың қақаған аязына қарамастан, балаларын мектепке жіберіп жатады дейді мұғалімдер.

 

Күләш Тоқжанова, Мұрат Айтхожин атындағы № 1-ші қалалық жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі:

-Осы аязды күндері бізде сабақ болмаса да біз мұғалімдер әдістемелік отырыстар, педагогикалық және директор жанындағы кеңестер өткіземіз. Азға қарамай мектепке келген оқушыларды жылытып, оларға сабақтар өткіземіз.

 

Аязды күндері оқушылар оқу бағдарламасынан қалып қоймайды. Себебі, мұғалімдер көп жылғы тәжірибесіне сүйеніп, жылы күндері қосымша сабақтар өткізіп, олқылықтың орнын толтырады.

 

Татьяна Иванова, Мұрат Айтхожин атындағы № 1-ші қалалық жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

-Мектепке 1,2 оқушы келсе де сабақ жүргіземіз. Үлгере алмай жатқан пәндерін қолға аламыз.

 

Аязды күндері оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігін облыстық білім басқармасы СҚО ТЖД-інің қызметкерлерімен бірлесіп басты назарға алған.

 

Валентина Черных, СҚО білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің жетекшісі:

-Егер сынап бағанасы -25-тен төмен және желдің екпіні 2 м/с болса, 1-4 сынып оқушылары сабақтан босатылады. Ал, 5-9 сыныптар -27 градус аязда және желдің екпіні 2 м/с болғанда оқымайды. Сондай-ақ, ауа температурасы -30 градустан асқан жағдайда жоғары сынып, колледждің 1 курс студенттері сабақтан босатылады.

 

Бұл күні шалғайдағы ауыл, мектеп әкімшіліктеріне күннің күрт суытуы жайлы хат-хабарлар жолданып, ата-аналардың жеке ұялы телефондарына күні бұрын аяз бен желдің екпіні жайлы ескертпе смс хабарлама жөнелтіледі.

 

Берік Қасен