Бизнес және экономика

Өнім сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес болуы керек

 

Еліміз Кеден одағына мүше. Бірінші кезекте отандық кәсіпкерлер үшін айтарлықтай қолдау. Алайда бұл ретте Кедендік одақтың өз заңдылықтары мен талаптары бар. Өнім сапасы халықаралық стандарттарға сай келуі тиіс. Оның өзіндік техникалық регламенттері бар. Бізде бүгінде техникалық регламенттің 21 түрі қолданылады.

Өңірімізге 2 күндік жұмыс сапарымен 3 бірдей отандық техникалық реттеу жүйесі институттарының мамандары келген болатын. Петропавлдағы бірқатар кәсіпорындарды аралаған меймандар сынақ базаларының аздығы отандық өнім құнының шарықтауына әкеп соқтырады дейді. Себебі бүгінгі күні дайын тауар сапасының дені көршілес мемлекеттерде тексерілетін көрінеді. Облысымызда сертификаттау жұмыстарымен айналысатын 4 орган бар. Ал сынақ зертханаларының саны – 15.

 

Тимур Нұрашев, ҚР Ұлттық аккредитациялау орталығының бас директоры:

-Кешегі күні бірқатар өндіріс ошақтарын аралап кәсіпкерлермен әңгімелестік. Олар дайын өнімдерін сынақтан өткізу үшін Қостанай, Ақмола облыстары мен Астана қаласына немесе Ресей Федерациясына апарады екен. Мәселе техникалық регламенттер бойынша жұмыс істейтін зертханалардың жоқтығында.

 

Жыл санап техникалық реттеу және метрология департаменті мамандары тарапынан кәсіпорындарға жүргізілетін тексерістер азайып келеді. Өткен жылы олардың саны 137 болған. Аталмыш органның бүгінгі жұмысы кәсіпкерлерді ақпараттық тұрғыдан құлағдар ету болып табылады.

Техникалық реттеу және метрология жүйесін 2020 жылға дейін кешенді дамыту бағдарламасы талқыға салынған кеңеске жергілікті кәсіпкерлер мен басқа сала өкілдері де қатысты.

 

Гүлнар Жанғазина, «Дәрілік заттарды сараптаудың ұлттық орталығы » РМК аумақтық филиалының директоры:

-Аталмыш институттардың сайтынан жаңашылдықтарға қатысты ақпараттарды табуға болады әрине. Алайда оны өз құлағыңмен естігеннің орны бөлек. Себебі осы секілді семинар барысында көкейіңдегі сауалыңды жолдап, оған нақты жауап алу мүмкіндігіне ие боласың. Оның біздер үшін пайдасы зор.

 

Техникалық реттеу және метрология комитеті өкілдерінен құрылған жұмыс тобы жоғарыда аталған бағдарламаны халыққа таныстыруда еліміздің барлық қалаларын аралап өтпек. Мақсат  – нақты жоспар құрған кезде бұқараның да талап-тілектерін ескеру.

 

Самат Есмағи