Мәдениет

Олимпиадаға арналған халықаралық көрме

 

Көрме екі бірдей залға жайғастырылған. Барлығы 200-ге тарта еңбек қойылыпты. Әлемнің жас шеберлерінің қолынан туған бұл туындылар арқылы алдағы Сочи қаласында өтетін қысқы олимпиаданы еріксіз көз алдыңа елестетесің. Төрткүл дүние ойындарының нышандары, жеті құрлық тартыстарының спорт түрлері. Тақырып бір. Бірақ әр жұмыс өзіне бөлек автордың қиялынан шыққандығын байқау қиын емес.

 

Юрий Кузнецов, Халықаралық байқаудың Петропавл қаласы бойынша үйлестірушісі:

-Халықаралық байқауды орыс тілді білім беру орталықтарының қауымдастығы ұйымдастырды. Осымен бесінші рет. Алдымен еңбектер ғаламтор арқылы іріктелді. Үздік дегендері Германияға жіберілді. Облысымыздан 50-гетарта жеткіншектің жұмысы ақтық сынға лайық деп танылды. Топ жарған еңбектер Қазақстандағы тек біздің қалаға жіберілгенін мақтанышпен айта аламын.

 

Көрмеге атсалысқан дарынды жерлестеріміз түгелдей халықаралық ұйымның марапаттарына ие болды. Араларында 13 жасар Сергей Кляцкий де бар. Жергілікті оқушы мына шешуші сәт суретін салып, халықаралық қазылардың ерекше бағасын алды.

 

Сергей Кляцкий, №2 орта мектеп оқушысы:

– Біздің хоккей құрамасы олимпиадаға бармайтынын білемін. Жолдама ойналған шешуші сәтте есе жіберіп алды. Десе де ойындарда оларды көрмесек те, қағаз бетінен тамашалаймын деп қиялдап салдым.

 

Сергейдің мектептесі Әдемау Құдырбекова да байқауда топ жарды. Бірақ жеңімпаздың «Мәнерлеп сырғанау» деп аталатын еңбегі мұнда қойылмаған. Есесіне өзге елдердің осындай көрмелерін шарлап жүр. Өйткені ұйымдастырушылар үздіктердің жұмысын топтастырып әлемнің түкпір-түкпіріне жіберуді жөн санапты. Мақсат -балалардың шығармашылығын кеңінен насихаттау.

 

Әдемау Құдырбекова,№2 орта мектеп оқушысы:

– Мен сырғанап жүрген қызды салдым. Қолында еліміздің туы бар. Қазір ол әлемнің өзге көрмелерінде жүргеніне қуаныштымын. Көрмеге келгендер оны тамашалап, Қазақстанды танитын болады.

 

Көрмеде қағаз бетіне түсірілген суреттерден басқа түрлі материалдардан соғылған мүсіндерді де тамашалауға болады. Дені саз балшықтан иленген композициялар.

 

Полина Иванова, “Юнеско Клубы” көркемсурет лицейінің оқушысы:

– Өзім шаңғы тепкенді ұнатамын. Сондықтан байқауға орайластырып саз балшықтан шаңғышы қыздың мүсінін жасадым. Еңбегім ерекшеленгеніне қуаныштымын. Олимпиадада Ұлттық құрама табысты өнер көрсетсін деп тілеймін.

 

Сондай-ақ бұл жерде ел намысын қорғайтын өңір спортшыларының жетістіктері тізілген стенд те әзірленіпті.

 

Жеңіс Ермұқанов