Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы басқармасы өткен жылды қорытындылады

Солтүстік Қазақстан – еліміздің басты астықты өлкесі. Бұл ретте өңір диқандары өткен жылы 5 миллион тоннадан астам астық бастырып, рекордттық көрсеткішті тағы бір мәрте дәлелдеді. Бізде өсірілген сары алтын үлкен сұранысқа ие. Кілегейлілігі 23-28 пайызды құрайтын үшінші сыныпты бидайымыздың өзі бүгінде әлемнің 40-тан астам алыс-жақын шет елдеріне жөнелтіледі. Оның бәрі теріскейлік жер емген шаруалардың еңбегінің жемісі деп атап көрсетті брифингті ашқан ауылшаруашылығы басқармасының басшысы.

Ауыл шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келеді. Оған мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да ұшан-теңіз. Осының арқасында былтыр аталмыш саланың жалпы ішкі өнімі 277,3 миллиард теңгені құрапты. Жан басына шаққандағы өнім көлемі де 10 пайызға артқан. Өсімдік шаруашылығында бұл көрсеткіш екі есеге өссе, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 27 пайызға артып, саудаға шығарылған тауар құны 74,2 миллиард теңгеге жетіпті.

 

Серікбай Тұралинов,СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі:

-Былтыр экспортқа шығарылған астық көлемі 1,9 миллион тоннаны құрады. Аталмыш саланы одан әрі әртараптандыруда инвестиция көлемі 10 пайызға жоғарылап, қаржылық капитал 44,7 миллиард теңгеге жетті. Одан жыл санап ауылшаруашылығының қаншалықты дамып келе жатқандығын аңғаруға болады.

 

Машина-трактор паркі де заманауи жарақтандырылу үстінде. Тек өткен жылдың өзінде өңір агроқұрылымдары 17,3 миллиард теңгеге 1187 бірлік жаңа техника сатып алған. Сондай-ақ, былтыр жалпы сыйымдылығы 123,5 мың тоннаны құрайтын 7 элеватор іске қосылды. Малдың экспорттық әлеуетін арттыру жобасы да өңірімізде сәтті жүзеге асуда. Аталмыш бағдарлама қабылданғалы облыс шаруалары шет елден 64 мың басқа жуық ірі қара сатып алған. Ол елдегі төрт түлік санын арттырып қана қоймай, сонымен қатар қосымша жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік беруде. Десек те, қордаланған мәселелер де жоқ емес. Брифинг барысында оларды тілшілер қауымы ортаға салып, көкейлеріндегі сауалдарына нақты жауаптар алды.

1,5 сағатқа созылған баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері тарапынан аталмыш ведомство басшысына 30 шақты сауал қойды. Олардың барлығына тұшымды жауаптар қайтарылды.

 

Самат Есмағи