Спорт

Солтүстікқазақстандық шаңғышы Сочи Олимпиадасына қатысады

 

Солтүстіктің сарышұнақ аязы сүйектен өтіп барады. Далада 30 градус аяз. Десе де жерлес спортшы  Қайрат Қанафин арнайы киім киіп, шаңғысын сайлап дайындық алаңына қарай бет алды. Қайрат наурыздың 7-сі мен 14-і аралығында Сочиде өтетін қысқы паралимпиадалық ойындарға еліміздің атынан қатыстатын спортшылардың бірі. Байрақты бәсекеге аз ғана уақыт қалды. Сондықтан маңызды жарыс алдында ол дайындығын пысықтай түскен.

 

Қайрат Қанафин, ҚР мүгедек спортшыларының шаңғыдан Ұлттық құрамасының мүшесі:

-Күніне 2 реттен дайындалуға шығамыз. 15-20 шақырымды жүріп өтеміз. Әрине күн суық, десе де жаттығу жұмыстарын бәсеңдеткен жоқпыз. Алдағы ойындарда бар күш- жігерімді салып, жеңіске жетуге тырысамын.

 

Қайрат Қанафин қысқы параолимпиадалық ойынға дайындықты шілде айында бастапты, Петропавл, Щучинск және Алматы қалаларында жалпыфизикалық дайындықтан өтіп, 4 рет оқу-жаттығу жиындарына қатысқан. Шаңғышы Канада, Финляндия, Германияда өткен Әлем Кубогының үш кезеңіне қатысып, соңғысында Сочи қаласында өтетін ойындарға жолдаманы жеңіп алған.

 

Қайрат Қанафин, ҚР мүгедек спортшыларының шаңғыдан Ұлттық құрамасының мүшесі:

– Осыған дейін Әлем чемпионатына қатысып, жеңіске жетіп, параолимпиада ойындарына жолдама ұтып алсам деген арманым болатын. Ендігі кезекте, алдыма сол жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жету мақсатын қойып отырмын.

 

Жерлесіміз мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы спортқа 2007 жылы келіпті. Жұмыста жүріп ойламаған жерде мүгедек боп қалған Қайрат Қанафинді алғашқы кездері Владислав Якушев баптаған. Қазір спортшыны Иван және Мария Дробязколар жаттықтырып жүр.

 

Мария Дробязко, жаттықтырушы:

-Қайрат үшін бұл ойындарда жеңіске жетуден бұрын жалпы қатысудың өзі үлкен мәртебе. Әрине қиындықтар бар. Өйткені ол жергілікті трассаны жақсы біледі. Ал Сочиде белгісіз жол болмақ. Десе де Қайрат барлық ескертпе, кеңестерге құлақ түріп, барлығын дұрыс орындауға тырысады. Ол ешқашан қиын, қолынан келмейді дегенді білмейді. Сондықтан жерлесіміздің әлі бағындырар асуы алда.

 

38 жасар спортшы параолимпиадалық ойындарға алғаш рет қатыспақшы. Сондықтан ол байрақты додада сәтті өнер көрсету үшін қазір барын салуда. Екі-үш күннен кейін Қайрат Щучье қаласында өтетін оқу-жаттығу жиындарын жүріп кетеді. Кейін оңтүстік астанамызда медициналық тексеруден өтіп, Сочиге аттанбақ.

 

Мағжан Ахмадина